«Өскеменнен кезексіз баспана алып беремін». Тұрғын үй инспекциясы не деп ескертеді?
![](/kz/uploads/posts/iblock/15e/15ed0a0c1ac65dd404b4546b32c82d1c.jpg)
Өскемен қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Фархад Жилибаев «ANTIKOR LIVE» жобасы аясында өткен тікелей эфирде тұрғын үй қорынан кезексіз баспана алып беремін деген жалған уәдеге сеніп қалмауға шақырды. Айтысына қарағанда өткен жылы әкімдіктің қызметкеріміз деп, алаяқтықпен ақша тапқан екі қылмыскер ұсталыпты.
-Тұрғын үй кезегі қазір қала әкімінің, біздің бөлімшенің сайтында ашық түрде жарияланады. Кезекте тұрғандарға өз кезегін жіті бақылауға мүмкіндік бар. Сол себепті алаяқтардың қылмыстық іс-әрекетіне түсіп қалмаңыздар. Ақша беріп, кезек үй алып берем дегендерге сенбеңіздер, – деп ескертті Фархад Жилибаев.
Қаланың бас тұрғын үй инспекторы жалдамалы пәтерлерді жекешелендіруге енгізілген өзгертулер жайында да құлақағыс қылды.
- «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен салынған үш үй жекешелендіруге жатады. Келесі жылы пайдалануға берілетін жалдамалы үйлер жекешелендіруге жатпайды. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған баспаналар да жеке қолға өтпейді, - деп ескертті Фархад Жилибаев.
Бөлім басшысының түсіндіруінше, кезекте тұрғандар пәтерлерін жекешелендіріп алғаннан кейін, үшінші тұлғаға сатып жіберген фактілер болыпты. Сосын бес жыл өткенде қайта кезекке тұрған сияқты алаяқтық кесте анықталған. Сол себепті бұдан былай жалдамалы пәтерлер жекешелендірілмейді екен.
Естеріңізге сала кетейік, облыс орталығында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте барлығы 10 797 отбасы тұр. Биыл Өскемен қаласы бойынша кезекте тұрғандар арасында 785 жалдамалы пәтер бөлінеді.