ШҚО-да қамауға алынғандардың жағдайы қалай?
![](/kz/uploads/posts/iblock/aa6/aa6f63c9b101e2419d884d5fc58546b1.jpg)
Бүгінде ШҚО-да 18 уақытша ұстау изоляторлары жұмыс істеп тұр.
Қамалғандарды ұстаудың халықаралық стандарттары жағдайына барынша жақындау мақсатында мекемелердегі камераның ауданы санитарлық талаптар нормасына сәйкестендірілген. Бір адамға берілетін орын 2,5 шаршы метрден кем емес. Онда қамалғандарға өмір сүру үшін барлық жағдайлар қарастырылған.
– Қазақстанда қинаудың және өзге де қатаң қарым-қатынас пен жазалаудың алдын алуды бойынша ұлттық превентивті механизм құрылған сәттен бастап облыстық Полиция департаменті мен аумақтық ішкі істер бөлімдері арнайы мекемелердегі адамдар құқығын сақтауды жақсарту бойынша іс-шаралар қабылдады. Сондай-ақ мекемелерде жалпы санитарлық жағдай жақсартылды, жүйелі түрде ағымдағы және косметикалық жөндеу жүргізіледі, медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Алайда, арнайы мекемеге қамалғандардың жағдайын ары қарай жақсарта түсуге қаржы тапшылығы қолбайлау, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Әсет Өтепов.
Оның айтуынша, туындаған мәселелерді шешу көп ретте полицейлерге қатысты бола бермейді. Мысалы, ағымдағы және күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген емес. Жөндеу жұмыстары полицияның аумақтық құрылымдарында үнемделген қаржы есебінен ғана жүргізіліп келеді.