ШҚО-да туристер орманда адасып кетті
Шығыс Қазақстан облысында орманда адасып кеткен туристер табылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға Риддерде болды. Екі жігіт Громатуха өзені жаққа жаяу шыққан. Қас қарайған кезде жолдан адасып, қайта алмай қалған көрінеді. Құтқарушыларға қала маңында туристердің адасып кеткені туралы хабар 2 қазан күні сағат 18:30 кезінде келіп түскен. Көрсетілген жер шамамен шаһардан 13 шақырым қашықта екені анықталады. Саяхаттаушыларды құтқаруға өрт сөндіру бөлімі мен полиция қызметкерлері аттанған.
Құтқарушылар көлікті аталған аумаққа мейілінше жақын қойып, жарық жағып, белгі берген. Өздері өзеннің оң жағалауын бойлап, жігіттерді іздеуге кіріскен. Шамамен екі шақырымнан кейін туристер табылды. Олар өзеннің сол жағында болған екен, аман-есен және ешқандай медициналық көмекке зәру болмады, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.