KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями Штиль
495.95 524.37 4.98

Бағаны түсіруге негіз жоқ. Семейде жылу арзандамайтын болды

26.12.2018, 07:05 46

Бұл туралы облыстық табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдерімен болған кездесуде айтылды. Анықталғандай, келер жылдан бастап жылудан басқа бірқатар коммуналды қызметтердің тарифы төмендейді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Нақтырақ келтіргенде, 1 қаңтардан табиғи монополия және қоғамдық маңызы бар 46 нарық субъектілері («Шығысэнерготрейд» ЖШС) тариф құнын түсірмек ниетте. Мәселен, «Шығысэнерготрейд» тұрмыстық қызметке арналған тарифтың мөлшерін ҚҚС-сыз кВт/сағат электр энергиясына 9, 719 теңгені белгілемек. Бұл қуат көзінің 6, 5%-ға арзандайтынын көрсетеді. Әйтсе де өзге санаттағы тұтынушыларға оның бағасы өзгеріссіз кВт/ сағатына 12, 936 теңге көлемінде қала береді. Сол секілді «Водоканал» кәсіпорны да судың бағасын ҚҚС-сыз текше метріне 50, 14 теңгеден 47, 63 теңгеге дейін төмендетуді жоспарлауда. Ал суды тарту қызметіне байланысты соманың мөлшері (ҚҚС-сыз) 42, 12 теңгені (қазіргі құны 44, 34 теңге) құрамақ. Бірақта жылудың ақысы сол күйі қалатыны айтылды. Мұның себебін энергетиктер өтемдік тарифпен байланыстырып отыр. Оның мерзімі 2019 жылдың 31-ші маусымында аяқталатын көрінеді. Сол уақытқа дейін қызмет бағасын түсіруге негіз жоқ деп есептейді «Жылукоммунэнерго» басшылығы. Мекеменің техникалық директоры Расылхан Жолдасов, көмірге 408 млн, сондай-ақ қызметкерлердің алдындағы қарызды қайтаруға 378 млн теңге жетістпей тұрғанын атап өтті. Шаһардың бас энергетигі РК-1 және 1-ЖЭО-дағы жаңғырту жұмыстары біткен соң, тарифты қайта қарастыруға болатынын да жасырмады. Өйткені, қос нысан толық қуатына көшсе, өз қажеттіліктерін өтеуге қауқарлы екен. Тиісті құрылыс жұмыстары наурыз айында аяқталады деп көзделуде. Десек те бұл айтылғандарға тұрғындар көнбей, наздарын білдірді. Атап айтқанда, бір айлық жылудың ақысы 20 мың теңгеге дейін жуықтапты. Бұл семейліктердің қалтасына әжептәуір салмақ түсірген.


- Қараша айындағы жылудың есеп-шоты 17 мың теңгеге жетті. Бізге уәде етілген жеңілдіктер қайда? Баға төмендейді деп алға тартасыздар. Бірақ біз оны сезіп отырған жоқпыз. Не үшін мұндай соманы төлеу керекпіз? Келген есеп-шотта ол көрсетілмеген. Қайда барсақта, есептегіш құралдарыңыз істен шыққан деп бетімізді қайтарады. Алайда ол ақаусыз жұмыс істеп тұр. «Жылукоммунэнерго» мекемесінде қандай жұмыс атқарылып жатыр? Неліктен осыншама ақшаны төлеуіміз керек? Мүлдем түсініксіз, - деп налыды Қарқаралы 24 көшесінің тұрғындары.


Сонымен қатар кездесуде тағы бір қордаланған мәселе қаралды. Ол тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға қатысты еді. Жылыту науқаны басталысымен Семейдегі көпқабатты баспаналар, қысқы мезгілге дайын болмай шығады. Бұл бірінші кезекте тоқсан жерден жамалып, әбден тозығы шыққан ішкі желілермен байланысты. Қоғам белсенділері, түйткілді проблеманы шешуге «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының мамандарын жұмылдыруға ұсыныс тастады. Десек те аталмыш сұрақты реттеудің механизмін, жергілікті билік басқаша көріп отыр.


- Тариф белгілеудің ашықтығына тоқталсақ, бүгінде Семейде 16 тұрғын үй қанатқақты жобаға ілінді. Оның ішінде 13 үйді электронды есептеуіш құралдармен қамтып үлгердік. Оған GSM модемдері орнатылған. Сәйкесінше, есептеуіштегі көрсеткіштер «Е-шаңырақ» бағдарламасы арқылы Астанаға жіберіледі. Тиісінше жауапты министрлік кез келген тұрғын үй бойынша қажетті мәліметпен қамтылады. Осы құрылғымен жылудың мөлшерін, сол секілді жарық пен судың көлемін анықтауға болады. Бұл бірқатар сұрақтардың шешілуіне жол ашады. Сервистік қызметтер бойынша, бұған «Жылукоммунэнергоны» тартқан жөнсіз болар. Неге десеңіз, кәсіпорын жылыту маусымы аяқталған бойда келесі науқанға дайын тұру қажет. Осы мақсатта жаз мезгілінде инженерлік желілерді реттеумен шұғылданады. Десе де, бұл мәселемен айналысуға кәсіби сервистік компаниялардың қауқары жетеді деп ойлаймын. Бұған шағын және орта бизнесті тартуға болады. Ниет танытқан кәсіпкерлерде жоқ емес. Келер жылдан бастап осы сұрақты қарастырамыз, - деп нақтылады қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу