Қайрат Нұртас Өскеменге 5 сағат кешігіп келді - видео
Қайрат, сенде не арман бар? Өскемен халқы тайлы-таяғы қалмай жиылып, бес сағат күтті. Екі сағат тектен-текке. Үш сағат концерт тамашалап.
Үш сағаттық концертті қаладағы NON STOP, Экстази, Ладушки сынды ән-би топтары мен Шалқар Мұқанғали бастаған әншілер қойды. Әрқайсысы сахнаға бірнеше қайтара шықты. NON STOP әншілері соңғы «хит» әндердің бірін қалдырмай айтып тауысты. Тіпті қыздардан құралған бір топ бір әнді екінші қайтара орындады да.
Шыны керек, сен жоқта екінші қайтара сахнаға көтеріліп ән салған әріптестеріңе наразылық сөздер айтылып жатты. Оларда не жазық бар еді? Білмедік.
Иә, орталық алаңда құрымдай тұтасқан мынау халық 17:00-де жиылған. Концерттің 19:00-де басталатынын естігенде кейіді. Бәлкім саған. Бәлкім әй-шайсыз «19:00-де бастаймыз» деп хабарлаған жүргізушілерге. Бытырап тарап кетті жан-жаққа. Бірақ қайтқан жоқ. Маңайдағы дәмханалар «клиентке» жарып қалды.
Сонымен, сен келдің. Ұшақтан жаңа ғана түстім деп, кешірім сұрадың. Ұшағыңның рейсі ауа райына байланысты шегерілгенге ұқсайды.
Халық кешірді. Дархан халық. Кең халық. Кешірді. Сені. Қайрат Нұртас.
Тәуелсіздік күніне арналған концерттің екінші бөлімі – негізгі бөлімі – ел күткен бөлімі 22:00-де басталды осылайша.