KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, ОШ
488.91 532.62 5

Мұхамеджан Тазабек: «Менің сөзімді тыңдамай-ақ қойыңыздар»

21.11.2018, 10:36 101

С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университеттің студенттері белгілі айтыскер ақын, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабекпен кездесті. Бұл осы жылдағы екінші кездесу. Естеріңізде болса, Мұхамеджан Тазабек көктемде де тап осы оқу орынына ат ізін салған болатын.


Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Біз студенттер жолдаған сұрақтардың ішінен бірер тұщымдысын жазып алған едік.


Бірінші студент сұрағы: «Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып шықтым. Қазақ тарихын түгендеп, тарихи санамызды жаңғыртуымыз керектігі айтылған онда. Осындайда «Қазақтың түп атасы – Батыр Түрік», «Арабсың» деген сөздің түбі шірік» деген Шәкәрім Құдайбердіұлының өлең жолдары ойға келеді. Қалай ойлайсыз, осы күні біздің қоғамда қазақтың төл дәстүріне арабтың мәдениетін тықпалау көрінісі байқала ма?»


Мұхамеджан Тазабектің жауабы: «Мемлекеттік шегара бар болғанда, ақпараттық шегара да бар. Өкінішке қарай қазіргі заманда ақпараттық шегара ашық. Әлемнің қай түкпірінде қандай мәдениет болса, қандай құндылықтар болса, олардың есігімізден еніп кетіп жатқаны жасырын емес. Сіз рухани, діни мәселелерді айтып жатырсыз. Бізді одан қорғап қалатыны – ұлттық иммунитетіміз. Ұлт тәрбиесін бойына сіңіріп, уызға жарыған және оны бір-біріне насихаттай жүрген адам ешқашан ешқандай сектаға алдырмайды. Отбасында ұлттық тәрбие алмаған, әке өнегесін көрмеген, ана мейіріміне шомылмаған, туған-туыстарына қамқор қолын созбаған адамдар көшедегі көк аттыға еріп кетеді. Дінімізді үйреніп, білу үшін де елде толық жағдай жасалған. Орталық мешіттер мен Орта Азияда теңдесі жоқ бірегей «Нұр Мүбәрәк» атты университет жұмыс жасап тұр. Ол жерде қаншама докторлар мен білгірлер сабақ беріп жатыр. Сіздерге айтарым сол, қойымызды алдырғаннан кейін барып қораның аузын құлыптамай, әуелі қораның аузын бекітіп алғанымыз ләзім»


Екінші студент сұрағы: «Отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы, бала тәрбиесі жайында өнегелі әңгіме өрбітіп жатырсыз. Бірақ сіз этнограф емессіз, дін өкілі емессіз. Мақсатыңыз қазіргі күні әлсіреп кетті дейтін ақсақалдар институты мен отбасындағы жөн сілтеп, түзік айтар әкелер, әжелердің орнын ойсыратпау ма? Жастар жағы сізді бұрын айтыскер деп таныдық. Бұдан кейін кім деп білеміз? Ел аралап, жастармен кездесуде ғибратты сөз айтуға өзіңізді қаншалықты лайық санайсыз?»


Мұхамеджан Тазабектің жауабы: «Құрманғазы консерватория бітірген жоқ. Диплом алған жоқ. Бірақ біз одан, оның мұрасынан бас тартамыз ба? Небір асыл әжелеріміз бар. Олардың үлгісін бойымызға сіңірмейміз бе? Бауырлар, адамды тұлға жасайтын диплом мен мамандық емес. Жоғарғы оқу орындары сізді жолға салады, бірақ сізді тұғырға қондыру олардың мойынына алған міндеті емес. Өз талпынысыңыз бен еңбегіңіз шыңға жетелейді. Адал жүрек, ықыласты әрекетіңізге байланысты. Бір нәрсенің басын аша кетейін, еш жерге сұранып барған емеспін өзім. Ең алғаш бір сұхбатым газетке, сосын ютубқа шықты. Сол сәттен бастап қалап шақыратындар көбейді. ...Қандай да бір кісі жұрт алдында насихат айта бастаса, оларға қатысты айтылған ғұлама бабамыз Құл Қожа Ахмет Иассауидан қалған сөз бар. Мен сол сөзді ту етіп ұстанамын. «Қандай да бір кісінің жұрт алдына шығып сөз айтуға лайық-лайық емесін төрт қасиетіне қарап бағалаңыз. Бірінші оның отбасына қараңыз. Айтқан сөзіне сәйкес өмір отбасында бар ма? Екінші достарына қараңыздар. Сөздеріне достары сай келе ме? Үшінші білімнің қайдан алып жатыр, нені азық етеді, соған қараңыздар. Төртінші бос уақытын қалай өткізетіндігіне қараңыздар. Жаны қалаған, көкірегі аңсаған нәрсеге жұмсай ма екен? Бесінші, бірақ оның аузынан шығып жатқан сөзіне қарамаңыздар», дейді бабамыз. Міне, «төрт қасиетіне қараңыздар, аузындағы сөзіне қарамаңыздар» дейді. Сондықтан сіздердің де менің аузымдағы сөзіме қарамай-ақ қоюларыңызға болады. Азаннан-кешке шейін айтқан сөздерімді алып тастаңыздар. Сөйтіп отымның басына, достарыма, сүйенген еңбектеріме, бос уақытымды қалай өткізетіндігіме қараңыздар. Қанағаттансаңыздар, аузымдағы сөзді ала жатарсыздар»

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив