KZ
Өскемен
+22°
ясно жел 5 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Балабақша тәрбиешілері арнайы аттестациядан өтетін болды

15.11.2018, 05:23 93

Еліміздегі балабақша қызметкерлері алдағы уақытта жаппай біліктілік сынақтан және медициналық тексеруден өтетін болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Ата-аналардан құрылған қадағалаушы кеңестерді енгізудің арқасында мектептердегі келеңсіз жағдайлар біршама саябырсыған сыңайлы. Ал жасыратыны жоқ, биылғы жылы республика бойынша балабақшалардағы тәрбиешілердің қатысуымен болған келеңсіз оқиғалар жиілеп кетті. Олардың бірі түймедей баланы тұншықтырып, күш көрсетсе, енді бірі туберкулездің ашық  түріне шалдыққан науқас болса да бүлдіршіндердің арасында еш алаңсыз жұмыс істеп келген. Еліміздің әр өңірінде орын алып жатқан осындай сорақылықтарды тоқтату үшін білім министрлігі бұл іске мықтап кірісіп, білім саласын тәрбиеші-ұстаз деуге ауыз бармайтын қызметкерлерден тазартуға уәде берген еді.


Алда атқарылатын қыруар шаруаның басы - бұдан былай балабақша тәрбиешілері де мектеп ұстаздары сияқты ауқымды аттестациядан өтетін болды. Сала министрлігі әзірлейтін ұлттық біліктілікті тестілеудің арнайы бағдарламасы балалармен жұмыс істеуге болмайтын тәрбиешілерді анықтап бермек.


Еліміздегі балабақшаларда еңбек етіп жүрген 55 мың маманның 45 пайызы ғана «мектепке дейінгі білім беру» мамандығы бойынша арнайы оқу орнын бітірген екен. Демек, қалған 55 пайызы арнаулы білімсіз бала тәрбиесімен айналысып жүр деген сөз.


Мамандар даярлауда, әсіресе бала тәрбиесіне тікелей қатысы бар тәрбиешілерді оқытуда сапаға мән беру маңызды. Сондықтан балабақшаға жұмысқа орналасқысы келетін жоғары оқу орындарының түлектері де аталған тестілеуден өтетін болады. Емтихандармен қатар тәрбиеші педагогтар медициналық тексеруден, оның ішінде психикалық жағдайы да тексерілетін болды. Есесіне сынақтан сүрінбей өткен балабақша тәрбиешілерінің жалақысы да өсетін болады. Әрине ол балалардың саны, балабақша үлгісі, тағы да басқа көптеген параметрлерге де байланысты. Осыған орай мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілер арнайы аттестациялық тестілеуден өтуді 2019 жылдың мамыр айынан бастайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив