KZ
Өскемен
+15°
ясно жел 9 м/с, СБ
483.23 534.74 5.12

Шоқан Уәлиханов Қашқарияға Семейден аттанды

7.11.2018, 11:08 446

XIX ғасырдағы қазақ ғылымының сүмбіле жұлдызы Шоқан Уәлиханов әйгілі Қашқарға жасаған сапарын Семейден бастаған екен. Дәл осы шаһарда экспедицияға 34 адам жасақталып, жас энтузиастың соңынан қауіпті саяхатқа шыққан деседі. Бұл туралы «Шоқ жұлдыз ізімен» атты тарихи-танымдық экспедициясының өкілдері мәлім етті.


«Шоқ жұлдыз ізімен». Аты айтып тұрғандай, тарихи-танымдық топтың көздегені 30 жылдық ғұмырында өшпестей із қалдырған Шоқан Уәлихановтың мұрасын зерттеу. Ұлт қайраткерінің жүріп өткен жолын жаңғыртып, ғалымға қатысты тың мәліметтерді насихаттау. Бұл іс Алматы облысы әкімдігінің мұрындық болуымен қолға алыныпты. 12 адамнан тұратын топтың Семейге келуі бекер емес. Өйткені 1858 жылдың 25 маусымында Шоқан бастаған ғылыми экспедиция, карт Ертістің жағалауынан Қашқарияға аттанған.


-Орта есеппен алғандай бұл сапар 10 ай, 14 күнге жалғасыпты. Мұндағы мақсат – Қашқардағы 6 шаһардың географиясын, этностық құрылымын, тарихын, сол секілді жергілікті халықтың болмысын танып білу. Неге десеңіз, ол жақта бірінші Марко Поло болған. Одан кейін Адольф Шлагинтвейт деген немістің зерттеушісі барған. Алайда оның тағдыры белгісіз жағдайға ұшырайды. Міне осы жұмбақты шешуші үшін Шоқан сол аймаққа баруды көздеді. Өзіне жүктелген міндетті лайықты атқарған соң, елге аман оралады. Оның бұл сапары тек қазақ жұртына қажет емес еді. Осы арқылы Қашқарды бүкіл Ресей танып, әрмен қарай Еуропа бұл туралы хабардар болды. Біздің ұрпақ Шоқан Уәлихановтың кім екенін біледі, алайда оның Қашқарға сапары қандай қауіптен тұрғанынан бейхабар. Біздің міндетіміз – айтулы сапардың беймәлім сырларын ашып, ғылыми негізге айналдыру, - дейді Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазинов.



Шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ және ағартушылық қабілетті бір бойына сыйдырған дарынды тұлғаға қатысты әлі де ашылмаған сырлар жетерлік. Мәселен, оның Қашқарда Шәукен есімді бойжеткенмен шаңырақ құрғаны жайлы деректер кездесіпті. Қашқарлық арумен шамамен жарты жылдай ғұмыр кешкен көрінеді. Ғалымдар, сол некеден ұрпақ қалуы бек мүмкін деген жорамалды жоққа шығармайды. Міне, осындай қызықты болжамдар аз емес екен. Бұны жүйелі түрде зерделеу қажет дейді экспедиция өкілдері.


-Шоқанның өмірі Семеймен тығыз байланысты болды. Мұнда ол орыстың көрнекті ойшылы әрі өзінің жақын досы Федор Достоевскимен жиі кездескен. Сондықтан да осы қаладан сапарымызды бастау заңдылық. Бұл қаладан кейін жоспарда Аягөз қаласы тұр. Өйткені ғалымның сонда бірнеше күн болып, зерттеу жүргізгендігі белгілі. Сол жақта Мамырсу, Таңсық ауылдарына аялдайтын боламыз. Бұдан соң экспедиция Лепсіде және Қапалы ауданында жалғаспақ. Мұнда Шоқанның кезінде жатқан лазарет бар екен. Ал сапарымыз Алматы облысының Кербұлақ ауданында түйінделетін болады, - деп атап өтті Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Рустем Қанапиянов.


Мәртебелі меймандар, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде болып ұлы ақынның мәдени мұрасына қанықты. Сол сияқты «Алаш арыстары-Мұхтар Әуезов» мұражайынада соғып, ұлт зиялыларына қатысты тың мәліметтермен танысты. «Шоқ жұлдыз ізімен» экспедициясының Семейдегі сапары Ф. Достоевскидің әдеби-мемориалдық музейінде қорытындыланды. Ғылыми топтың жұмысы бір апта көлемінде түйінделеді деп көзделіп отыр.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив