KZ
Өскемен
-14°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

Согра ЖЭО жанынан ШҚТУ филиалы ашылды

Фото: gov.kz

3.10.2024, 14:00 187 Ержан Әбіш

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың жаңа практикалық-оқу филиалы «Согра жылу электр орталығы» ЖШС жанынан ашылды. Тиісті келісімге ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина мен «Согра жылу электр орталығының» директоры Ғалым Жаңбыршы қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл университет пен аймақтың өндірістік кәсіпорындары арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың кезекті нәтижесі, ол аймақтың стратегиялық маңызды нысандарында жұмыс істей алатын жоғары білікті кадрларды дайындауға бағытталған.

Жаңа практикалық-оқу филиалының ашылуы ШҚТУ-дың білім беру үдерісіне озық әдістерді енгізуге деген ұстанымын тағы да көрсетті. Практикалық бағытталған оқыту арқылы студенттер тек университет қабырғасында теориялық білімді игеріп қана қоймай, оны «Согра жылу электр орталығы» сияқты нақты нысандарда қолданады. Бұл оқушыларды заманауи жұмыс берушілер сұранысына сай келетін құнды тәжірибемен қамтамасыз етеді және өнеркәсіптік нысандарда жұмысқа орналасу кезінде бейімделу процесін қысқартады.

–­ Біздің университеттің басты қағидаларының бірі – практикалық бағыттылық. Инженерлерді даярлау өндіріс саласымен тығыз байланысты болуы керек деп есептейміз. Бұл қағиданы біз білім беру бағдарламаларымыз арқылы жүзеге асырамыз, сондай-ақ серіктестерімізбен тұрақты байланыс орнатамыз. «Согра жылу электр орталығы» сияқты кәсіпорындармен ынтымақтастық өте маңызды, өйткені энергетика саласы үшін кадрлар даярлау – біздің басты міндетіміз, – деді ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында энергетика секторындағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, энергетика саласын жаңғырту бойынша ұлттық жобаны бекіту және жаһандық энергия тапшылығы жағдайында елдің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескеру қажеттігін атап өтті. ШҚТУ филиалы осы міндеттерді шешуге көмектеседі, өндірістік практиканы ұйымдастырумен қатар, курстық және дипломдық жобаларды орындауға, сондай-ақ энергетика және жылу энергетикасы бағыттары бойынша оқитын студенттердің тағылымдамасын өткізуге қолдау көрсетеді.

«Согра жылу электр орталығы» басшылығы да Шығыс Қазақстан облысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту міндеттерін шешуге және қолданыстағы нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қабілетті білікті мамандарға мұқтаж екенін атап өтті. Өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсуі және өңірдің энергетикалық жүйесінің кеңеюі жағдайында осы саладағы кадрларға деген қажеттілік алдағы уақытта арта түсетіні анық.

Осылайша, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Согра жылу электр орталығы» жанынан практикалық-оқу филиалының ашылуы – бұл тек академиялық қадам ғана емес, аймақтың энергетика саласындағы мамандарға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған стратегиялық шешім. Филиал университетке Шығыс Қазақстанның кәсіпорындарын ерекше білім мен дағдылары бар білікті кадрлармен қамтамасыз етуге көмектеседі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу