Министр Дәурен Абаев газеттердің болашағы туралы айтты
Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында ШҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыс орталығында өткен жиын барысында Д.Абаев Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарына жеке-жеке тоқталып, маңыздылығын түсіндірді.
Биылдан бастап ауылдарға тартылатын кең жолақты интернет жайында айта келе министр алдағы уақытта еліміздегі 2,5 млн адамның сапалы интернетке қол жеткізетінін мәлімдеді.
Осы ретте Д.Абаев журналистер қойған газеттердің болашағы туралы сауалға да жауап бере кетті.
Министр «интернет келсе, газет өледі» деген сөзбен келіспейтінін баса айтты. Оған себеп, Еуропа елдерінде қалыптасып келе жатқан заманауи газет оқу мәдениеті.
-Онлайн жазбаны адам 40 секунд қана оқиды деп айтамыз, ал газеттегі тура сол мақаланы адам 40 минут оқиды. 40 секунд ішінде жай ғана көз жүгіртіп өтсін делік, ал 40 минут газет оқыған адам ондағы ақпаратты санасына сіңдіріп, ой таразысынан өткізе алады. Қазірдің өзінде жарнама берушілер газетке көбірек қызығушылық таныта бастады. Олардың мақаты осы – өз өнімдері жайлы оқырманның тереңірек білуі. Ал Еуропада «табак-газет» деген ұғым пайда болған. Үлкен қалалардағы табак сататын орындарға газетті қоса өткізуді міндеттеп қойған. Халық таңертең табагын тартып, кофесін іше отырып әлгі жерде газет оқуды әдетке айналдырған. Біз де осындай әдістерді қолға алсақ газет оқу мәдениетінің жаңа дәуірі қалыптасатынына сенімдімін. Иә, жыл сайын қағаз қымбаттап келеді, газетті жеткізудің өзі арзан емес. Бірақ соған қарамастан газет өлмейді.Әрине, жылдам жаңалық тарату жағынан газеттер онлайн құралдармен бәсекелесе алмасы анық. Газеттер енді сараптамалық жолды таңдауы керек. Сайттар «осындай оқиға болды» деп жазса, газеттер оның қалай болғанын сараптап беруі тиіс,-деді министр.