Өзге өңірлер ШҚО-дан үлгі алсын - Ерлан Сағадиев
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Ұстаз мәртебесі туралы» Заңның алдағы 3 айда қызу талқыға түсіп, келер жылдың басында қабылданатынын айтты және талқылау барысына оған белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ол мұғалімдердің жүктемесін, тексерістерді азайту жөнінде түсіндіріп, мектептерде психолог мамандардың тапшылығы барын алға тартты. Айталық, ірі қалаларда мың оқушыға 1 психологтан келеді екен, ал норматив бойынша 300 оқушыға 1 психологтан келуі тиіс.
– Шығысқа келіп отырған соң бір жайтты атап өтпеске болмайды. Білім саласына дәл Шығыс Қазақстан секілді жіті көңіл бөліп, қаржы аударып отырған бірде-бір облыс жоқ елімізде. Осы ретте облыстың басшысы Даниал Ахметовке ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Даниал Кенжетайұлының бастамасымен өңірдегі мектептердің жарақтануы да, ұстаздарының біліктілігі де анағұрлым артып отыр. Өзге өңірлер үлгі алсын, – деді білім және ғылым министрі.
Естеріңізге сала кетейік, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған ресми топ Өскемендегі Драма театрының үлкен залында облыс активімен келелі басқосу өткізді. Сөз алған Премьер-Министр өздерінің өңірімізге Елбасының жуырда жариялаған Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында алғашқы ақпараттық-насихат тобы ретінде келіп отырғанын жеткізді.