Үкімет басшысы облыс активімен кездесті
Кешке таман Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған ресми топ Өскемендегі Драма театрының үлкен залында облыс активімен келелі басқосу өткізді. Сөз алған Премьер-министр өздерінің өңірімізге Елбасының жуырда жариялаған Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында алғашқы ақпараттық-насихат тобы ретінде келіп отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Биылғы Президент Жолдауы алдымызға тың мақсаттар мен міндеттер жүктеп отыр. Алғашқы кезекте Мемлекет басшысы елдегі ең төменгі еңбекақы мөлшерін 25 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін, яғни 1,5 есеге көтеруді талап етіп қойды. Мұндай жалақыны бүгінгі таңда 1 миллион 300 мың жұмысшы алып отырғанын ескерсек, табысы артатын азаматтардың саны көп. Сонымен қатар, Жолдауда білім мен денсаулық сақтау салаларына қарастырылатын қаржы көлемін ұлғайту міндеттелді. Жалпы биылғы Жолдауда айтылған іс-шараларды орындауға тек ел қазынасының өзінен 1 триллион 750 миллиард теңге қарастырылып отыр, бұған жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаражатты қосақ, жалпы сомасы 2 триллион теңгеге жуық қомақты қаржы құйылмақ, – деді өз сөзінде Бақытжан Әбдірұлы.
Үкімет басшысы Жолдауда айтылған инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының тарифтерін реттеу, жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамту сынды өзекті міндеттер аясында нақты атқарылар іс-шараларға кеңінен тоқталып өтті. Ол, сондай-ақ, тек ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ғана жылына қосымша 100 миллиард теңге қаражат бөлініп отыратынын жеткізді.
Бұл – негізінен дайын тауар өндірушілерді қолдауға, экспортқа шығарылатын өнім түрлерін молайтуға бағытталатын қаржы.
Елбасы өз Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейтуді қадап айтты. Осы ретте тиімділігін дәлелдеген «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылатын болып отыр.
– Бұрындары мемлекеттік қолдаудың, жеңілдетілген несиелердің қомақты бөліктерін ірі бизнес нысандары алып келсе, енді қаржының басым бөлігі тек шағын және орта деңгейдегі кәсіпкерлік субъектілеріне берілмек. Дамыған Батыс елдерінің экономикасы нақ осы ұсақ бизнес құрылымдарына негізделген және соларға арқа сүйейді. Мұны Елбасымыздың өзі де жиі ескертіп, кәсіпкерікті қолдау қажеттігін ұдайы міндеттеп келеді, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-министр Жолдауда айтылған негізгі міндеттердің нақты қалай іске асырылатына нақты-нақты тоқталып өтті. Айталық, тек білім саласы бойынша жаңа мектептер салуға 50 миллиард теңге бөлініп отыр, аталмыш қаржыға алдағы үш жылда еліміз бойынша 80 мектеп салынады. Бұл жас ұрпақтың сапалы білім алуына кедергі келтіріп отырған үшауысымдылықты жоюға септеспек. Дей тұрғанмен, бұл үлкен істің басы ғана болмақ, себебі еліміз бойынша барлығы 195 мектеп қажет екен.