Астанаға барған ШҚО тұрғынынан менингококк жұқпасы табылды
Астанаға барған ШҚО тұрғынынан менингококк жұқпасы табылды. Науқас ауруды бас қалада жұқтырмаған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Науқас елордаға 1 қазан күні барған. Дәл сол күні Астана жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне түсіп отыр.
– 1985 жылғы Шығыс Қазақстан тұрғыны 1 қазан күні Астана қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Зертханалық тексерулер арқылы менингококк диагнозы расталды. Жұқпа туралы шұғыл хабар келіп түскеннен бастап, департамент мамандары инфекцияға қарсы жұмыстарды бастады. Астана бойынша науқаспен қатынаста болған 6 адам анықталды, оның екеуі бала. 2 қазан күні олардың барлығы бактерологиялық тексеруден өтті және ешқайсысынан ауру табылмады, – деді Мемлекеттік-санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Астана қалалық департаментінің Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Ақмарал Мейірманова.
Эпидемологиялық анамнез жинау барысында науқастың 13 және 30 қыркүйек күндері Қарағанды облысының Жезқазған қаласында болғаны анықталған. 2 қазан күні Қарағанды облысына хабар беріліп, жұқпаға қарсы шаралар жүргізілген көрінеде.
– Науқас есін жиды. Қазіргі уақытта жағдайы орташа ауыр. Ол патогенетикалық, симптоматикалық және антибактериялық ем қабылдап жатыр. Бұл күз мезгілінде Астанада тіркелген бірінші жағдай, онда да ауруды Астана қаласында жұқтырмағанын атап өткен жөн, – деді А.Мейірманова.
Маманның айтуынша, жыл басынан бері Астанада менингококк жұқпасына қатысты 7 жағдай тіркелген және ешқандай өлім-жітім болмаған.