Аягөзде тұңғыш рет гүл жеткізіп беру қызметі іске қосылды
Аягөзде тұңғыш рет гүл жеткізіп беру қызметі іске қосылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Аягөз букет» деп аталатын бұл қызмет қалың жұртшылықтың көңілінен шыға бастады. Тапсырыс берілген бума гүлді пәтерлерге, ұжымдарға жеткізіп қуаныш сыйлап жүрген осынау қызмет жеке кәсіпкер Жанат Омарханованың бастамасымен ашылып отыр.
-Мен анамды мақтан тұтамын. Ол кісі алғаш осынау кәсіпті бастағанда бұл істің болашағына сенімсіздікпен қарап, дүдәмал болғанымыз рас,-дейді Ж. Омарханованың ұлы Нұржан, -Кейін ол күдігіміз сейілді. Өйткені, мейрам кездерінде қала тұрғындары бір-бірін құттықтап, тапсырыспен гүл сыйлап жатады. Гүлді біз Алматыдан жеткізетіндігімізге байланысты оның солмай өтіп кететіндігі біз үшін де пайдалы.
Сондай-ақ, «Аягөз букетке» басқа қалаларда тұратын азаматтар да жерлестерін құттықтау үшін тапсырыс беріп, тиісті қаржысын аударып жатады. Мұның өзі де елге қуаныш сыйлап жатқан жігіттер үшін үлкен мәртебе.