KZ
Өскемен
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
492.22 529.38 5.03

Ақтастықтар ақиық жазушының 75 жылдығын тойлатты

28.09.2018, 12:28 99

Төр Алтайды білмеймін, Глубокое ауданында жазушы Оралхан Бөкейдің 75 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті.


Алдымен балалар шығармашылық үйінде жазушының "Жылымық" повесінің желісі бойынша театрланған көрініс қойылды. Спектакльді ұйымдастырған Оралхан Бөкей мектебінің өнерлі қыз-жігіттеріне көрермендер алғыстарын жаудырып жатты.


- Көрініс мұншама әсерлі болар ма еді?! Керемет. Әсіресе Оралханның рөлін ойнаған өнерлі жігіт тебірентіп жіберді. Ораш тіріліп келгендей болды, - дейді жазушының жан досы, ауылдасы Аманжан Нұқсарин.



Түске қарай аудан басшылығы алыс-жақыннан келген меймандардың басын қосып, жазушының рухына арнап ас берді. Қонақтар дастархан басында тойға тәбәріктарын тартып, жазушы жайлы естеліктерін айта отырды. Оралхан Бөкейдің туысқаны, Тоқтарбек Мағзұмов жазушы портреті өрнектелген кілем сыйласа, сонау Астанадан келген "Егемен Қазақстан" газеті бас редакторының орынбасары Думан Анаш "Алтайдан Алакөлге дейін" атты кітабын сыйға тартқан. Баспагер Қайырды Назырбаев Оралханның тойын Ақтас жұрты дүркіретіп тойлатып жатқанына дән риза болды.


Түс ауа адуынды ақындардың айтысы тойдың көрігін қыздырған. Өйткені мұндай айтыс Ақтастың төрінде бұрын-соңды ұйымдастырылмаған еді. Өлеңге әбден шөлдеген жұрт ақындар сахнадан көрінгенде-ақ алақандары ойылғанша қол соқты. Айтыскер ақындарға Аманжан ақсақал ақ батасын берсе, аудан әкімі Қалихан Байғонысов жүрекжарды тілегін айтты.



-Глубокое ауданында ең алғаш қазақ мектебі ашылғанда Оралхан Бөкейдің есімі берілген. Содан бері жазушының туған күні атаусыз қалып көрген жоқ. Биыл ел болып, жұрт болып тойлап жатырмыз, тойлай береміз. Ал ақындарымызға сәттілік тілеймін, - деді аудан басшысы Қалихан Байғонысов.


Қошеметке шабыттанған ақындар ауданның жетістігімен, әттегенайын жырға қосты. Әттегенайы сол, ауыл-көше атауларын қазақшалау, тарихи атауларды қайтару. Бұл әрине, уақыт еншісінде.



Айтыс додасында әділ қазылардың шешімімен үшінші орынды өскемендік ақын Жұлдызай Маратбекқызы, екінші орынды ақтастықтардың атынан шыққан Қуаныш Еркінұлы қанжығалады. Ал бірінші орын Зайсан өңірінен келген адуынды ақын Ардабек Ақбабаның еншісінде кетті.


Дәл осы уақытта Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына орай волейболдан, қол күрестен, тоғызқұмалақтан жарыс өтіп жатқан.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив