Зайсандық азамат қорасында қой мен арқарды будандастырмақ болған
ШҚО-дағы Зайсан ауданының тұрғыны үйінде арқар ұстап келген, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстық ІІД мәліметіне сүйенсек, полиция капитаны Дәурен Мәукенов жедел-алдын алу шарасы бойынша аудан үйлерін аралап жүрген. Кезекті бір үйдің ауласынан арқар көрген тәртіп сақшысы өз көзіне өзі сене алмағанын айтады. Естеріңізде болса, арқар - қызыл кітапқа енген жануарлардың қатарына жатады.
– 55 жастағы үй иесі арқарды қоймен будандастыру үшін ұстаған, – деп мәлімдеді ШҚО ІІД баспасөз қызметі.
Аталмыш оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қоңыр аңның тағдыры қалай болмақ? Оны аймақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясы шешеді.