Семейдің балалары "ПСЖ-ның" ойынын көріп қайтты
Семейдегі баллар үйінің тәрбиеленушілері әйгілі «Пари-Сен-Жермен» клубының ойынын тамашалап қайтты.
– Биыл Алматыда балалар үйлері арасында Қазақстан чемпионаты өтіп, сонда семейліктер топ жарған еді. Міне, нәтижесінде осындай тамаша жолдама ұтып алған, – дейді жоба жетекшісі Айнұр Сәлімбаева. – Жобаның негізгі ұйымдастырушысы – BAURZHAN қоры мен Қазақстанның Франциядағы елшілігі.
Жас спортшылар Неймар, Мбаппе, Силва сынды өздері үлгі тұтып жүрген әлем футболының «жұлдыздарының» ойынын тамашалап, армандардың орындалатындығына сенгені хақ. Елдің Франциядағы елшісі Жан Ғалиевпен кездесу барысында олар ойынның әсерін жарыса айтты. «Пари-Сен-Жермен» мен «Сент-Этьен» ойыны оларға шабыт сыйлапты. «Біз де Қазақстан футболын әлемге әйгілейміз», дейді олар.
Аталмыш жоба, ұйымдастырушылардың айтысынша, 2013 жылы қолға алыныпты. Футбол жарысына 11-14 жас аралығындағы балалар қатысады екен. Семейліктерге дейін жеңімпаз болған Алматы, Қостанай, Көкшетау аймақтарының жас спортшылары «Барселона», «Милан», «Бавария», «Атлетико Мадрид» және «Челси» сынды азуын айға білеген командалардың алаңына барған.