ШҚО-да ғалымдар Аблайкиттің кітапханасын іздеп жатыр
Ғалымдардың Аблайкит арехологиялық кешеніне деген қызығушылығы жылдан жылға арта түскендей. Осы өңірдегі қазба жұмыстарын Карл Байпақов басқарады. Бұл жерден мыңдаған түрлі көне заманның тұрмыстық бұйымдары мен қолжазбалардың бөліктеріне дейін табылған еді.
Ғибадатхана жәдігерлерінің көпшілігін кезінде Ресейге зерттеу үшін алып кеткен. Бұл құнды тарихи дүниелер қайта отанына қайтарылмады. Қазіргі уақытта Аблайкиттен табыған бірегей қолжазбалардың бір бөлігі Санкт-Петербург қаласындағы шығыс қолжазбалары институтында сақтаулы екен.
Қазақстандық археологтар киелі орынды ары қарай зерттеуді жалғастырмақшы.
-Аблайкиттен табылған артефактілердің көбі Ресейге жөнетілген. Бірақ барлығы емес. Ғибадатханада үлкен қолжазбалар кітапханасы болған деген мәлімет бар, - дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. – Ғалымдар енді сол кітапхананы табуды көздеп отыр.
Бүгінде қолжазбалардың фрагменттері табылып қойды деген ақпарат та таралуда. Алайда ғалымдар толыққанды мәлімет беруге әзірше асықпайды. Алдағы уақытта олар жаңа археологиялық олжамен жұртшылықты таңқалдырады деп үміттенеміз.