KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 3,5 м/с, В
485.11 523.82 5.02

Семей тұрғындары эвакуациялық пункттерді 1 тамызға дейін босатуы тиіс

17.07.2018, 14:35 168

Рас, биылғы көктемгі су тасқынында Семейдегі Бобровка саяжайына айтарлықтай зардап тиді. Бүгінде елді мекенде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Осы ретте жергілікті билік арнайы рейд өткізді. Оның барысында журналистер, қираған баспаналардың қалай жөнделіп жатқанын өздері бағамдап көрді. Анықталғандай, Бобровкадағы үйлердің дені шлакоблок (қож) және саман кірпіштен тұрғызылыпты. Тасқын кезінде мұндай үйлерге қызыл су лезде тараған. Қазір жөндеу жұмыстарымен «Гордорстрой» және «Сәт транс» компаниялары айналысып келеді. Әйтсе де бүлінген баспаналарын өз күшімен салып жатқан жандарда баршылық. Оларды әкімдік қажетті құрылыс материалдарымен қамтыдық деп сендірді.        


-          Кейбір тұрғындар үйлерін өздері тұрғызуға ниет танытты. Тек өтемақы ретінде қажетті материалдармен қамтып беруді сұрады. Біз бұл ұсынысқа келістік. Қаржыландыру бюджеттен тыс, яғни меценаттар мен демеушілердің есебінен көрсетілу үстінде, - деп атап өтті Ермак Сәлімов.


Сол секілді әкім, уақытша қоныс орындарын паналап отырғандарға қатысты түсініктеме берді. Ермак Сәлімов, тамыздың алғашқы жұлдызында тұрғындардың дені эвакуациялық пункттерді босату керектігін атап өтті. Десе де бұл үйлер реттеліп біткен адамдарға ғана қойылған талап деді ол.


-          Егерде жөндеу жұмыстары аяқталса, біз адамдарға үйлеріне оралуын сұраймыз. Табанды түрде қонақ үйді босатуын талап етеміз. Олар онда әкімнің жеке қаражатына тұрып жатқан жоқ. Бұл ақшаның басым бөлігі салық төлеушілердің қаржысы. Әлбетте қонақ үй орталықта орналасқан, ыстық суы бар. Мұндағы жағдаймен саяжайдағыны салыстыруға келмейді. Кейбір адамдар осында әлі де біраз тұрақтауды ойлайтын сыңайлы. Бірақта біз ондай шығынды ұзаққа көтере алмаймыз. Дегенмен мұқтаж болған жандарға ғана мерзімді ұзартуға болады, - деп алға тартты шаһар басшысы.     


Бұдан басқа, жергілікті билік осы бағытта шаруалар Мирный, Затон және Пристань аудандарында да жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Бұл аумақтардағы баспаналарды қалып келтіруге республикалық бюджеттен мөлшері 300 млн-ға жуық қаржы аударылыпты. Соның бүгінде 70 млн-ны игерілді. Бұған қоса 58 млн теңгеге апатты баспаналардың орнына үш жекеменшік үй, сондай-ақ 6 пәтер сатып алынған көрінеді. Жоғарыда келтірілген аумақтарда тасқынның залалы 200-ден аса тұрғын үйге тиген еді. 70 үйде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды деп нақтылай кетті жауапты орган өкілдері.   

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив