KZ
Өскемен
пасмурно жел 4 м/с, Ю
492.22 529.38 5.03

Аягөзде ұлттық табиғи сүт өнімдерін ғана сататын дүкен ашылды

16.07.2018, 03:34 196

Аягөздің орталығында «Адал -ас» атты ұлттық табиғи сүт өнімдері дүкені ашылғалы жұрттың қуанышында шек жоқ десе болады. Ұлттық тағамдар болғанда, негізінен қымыз, саумал, айран,сүт сататын дүкен иесі «Саябол» шаруа қожалығының иесі Айтуған Омарханов. Дүкен 5 қабатты үйдің бірінші қабатында орын тепкен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Қымыз, саумал, айран, май, құрт, қатық, ірімшік... өндіріп сататын Омархановтар қазір қала халқына танымал бола бастады. Аягөздің «Жаңа ауыл» деп аталатын шеткі көшесінде Қамбар Ата мен Зеңгі баба тұқымдарн ұстап, өнім өндіріп отырған Айтуған бауырымызбен тілдестік:


-Негізінен, жылқы шаруашылығымен айналысамыз,-дейді ол,-Жылқымыз қазіргі уақытта Ақсуаттың «Өкпеті», «Сампай» жайлауларында жайылымда. Аягөзде 30 бас бие, 10 сиыр ұстап сауамыз. Сиыр демекші, жуырда ғана 10 бас «Симменталь» тұқымды сүт бағытындағы сиыр сатып алып, сауып отырмыз. Ұлттық сусынның аты ұлттық сусын ғой, өтімі де жылдам. Әйтеуір, күбіні пісіп үлгеріп жатырмыз. Қымыз дайындаудың өзіндік қыры мен сыры көп қой. Тіпті, мына қайың күбіге құйып пісер алдында оны әзірлеуде үлкен гәп бар. Күбісінің бабы келген үйдің қымызы да дәмді болады. Алдымен, қайың ағашты суға қайнатып, сосын кептіріп, тіліп, өңдеп күбіні құрсаулап жасайды. Күбіні тобылғы мен киікотына ыстаймыз. Жалпы, ысқа жағылатын отынды таңдай білудің өзі өнер. Негізі қолайлы отын - жас тобылғы, ол табылмаса жас қараған. Рас, қымыз сабаға, күбіге, торсыққа, көнекке жағымды иіс беру үшін аздап арша, көкпек, кепкен көк пішен қосып жағуға болады. Сонда қымыздың бабы келісіп, иісі мұрын жаратындай болып, дәмі бал татымақ. Қымыздың бабы пісуі мен сапыруына тікелей байланысты болады. Жиі піскен қымыз бірте-бірте қоюланып, дәмі кіре береді. Күбіні біз қолмен де, арнайы технологиямен механизм арқылы да пісеміз.Шынында, жиі сапырылған қымыздың ашуы да қайтып, жұмсара береді. Тағы бір айта кетерлігі, саба мен күбінің піспегі де талапқа сай болуы керек. Піспекті аршаның қызылынан ойып жасаса құба-құп. Шама-шарқымызша осы қағидаларын ұстауға тырысамыз, енді.


«Саябол» шаруа қожалығы қымыз бен саумал, сүт, айранды қысы-жазы өндіріп сатып келеді. Айтуғанның айтуынша, бұл істе оның жары Бақытжанның қолғабысы ерекше.


-Бүгінгі күні қарамағымызда 4000 гектар жайылымның арқасында жылқы қыстан тебінмен шығады. Әзірге 100-дің үстінде жылқымыз бен 30 шақты сауын бие ұстап отырмыз. Қожалығымызда үш отбасы бармыз. Оның біреуі жылқыға, біреуі сиырға, енді бір Аягөз қаласында,-дейді «Саябол» шаруа қожалығының басшысы Айтуған Омарханов.


Аягөздегі «Адал-ас» деп аталатын ұлттық табиғи сүт өнімдерін сататын дүкенге келушілердің саны күн сайын артып келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив