KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 5 м/с, СБ
479.71 533.77 5.16

Ауылда 15 адамды жұмыспен қамтып отырған шебер бар

8.05.2018, 09:13 111

Өңірімізде қазақтың қолөнерін дәріптеп, ұлттық нақыштағы бизнесті дөңгелетіп отырған Шар қаласындағы «Ауытқанова» жеке кәсіпорнының басшысы Сәния Бекежанқызы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында студенттермен кездесті.


 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара барысында дизайнер мамандығы бойынша колледждерде білім алып жүрген студенттерге қарапайым технолог мамандығынан кәсіпорын басшысына дейін көтерілген Сәния Бекежанқызы өзінің өткен өмір жолы мен жетістікке жету жолдары жайлы баяндап, ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретті.


-Әрбір кәсіп – бір мамандық. Әр мамандық іскерлікті талап етеді. Кей адамдар сүйікті ісіне бос уақытын ғана арнаса, енді бірі мұны негізгі кәсіп көзіне айналдырады. Мен де осы жолды таңдадым. Қолөнермен 1976 жылдан бері айналысамын. Бұрын Шар қаласында жергілікті тігін фабрикасы бар еді. 1993-1994 жылдардағы дағдарыс кезінде жеке меншікке өтті. Содан бері тапсырыстар алып, сонымен жұмыс істейміз. Жұмыссыз, бос қалған кезіміз жоқ. Еңбегіңнің ел кәдесіне жарағанын сезіну – үлкен бақыт. Мамандығымның арқасында Елбасының қолынан алғыс хат алдым,-дейді қолөнер шебері Сәния Ауытқанова. –Киіз үйдің ішкі-сыртқы жабдықтарын, арнайы сахналық киімдер, ұлттық киімдер – бәрін тігеміз. Қазір шағын кәсіпорын ашуға барлық жағдай жасалған, несие де береді. Бастапқыда бұл істі үш адамнан да бастауға болады. Тігін ісінің мамандарына қазір сұраныс жоғары. Сондықтан жстарымыз колледж, институтты бітіргеннен кейін алған білімін іске асыруы керек. Тек қалада емес, ауылда да тіршілік бар.


Бүгінде «Ауытқанова» жеке кәсіпорнының басшысы 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шағын ғана Шар қаласындағы оқушыларға мектеп формаларын тігеді, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына тегін тігіп береді. Кәсіпорын шеберлері жабдықтаған киіз үй Мәскеудегі әйгілі халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде (ВДНХ) тігілді. Шеберлер жабдықтаған киіз үйлер еліміздің мәртебесін көтерген ЭКСПО көрмесінің шырайын келтірді. Қолөнершілер Шар сынды шағын ғана елді мекенде отырып, Астана, Өскемен, Зайсан, Үржар, тағы басқа жерлерден тапсырыстар алып, ісін дөңгелетіп отыр. Шебердің айтуынша, 1994 жылы алғаш рет киіз үй жабдықтарын тіге бастағанда әдемі, сапалы маталарды Эмираттан, Түркиядан әкелген. Сөйтіп ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында тігілген киіз үйлерді қазақы нақышта өрнектеп, барлық сән-салтанатымен безендірген.


Қазіргі кезде қолөнер элементтерін үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, бас киімді әшекейлегенде кеңінен қолданып жүр. Шеберлердің қолынан шыққан киізден жасалған ашық түсті текеметтер, сырмақтар, қызылды-жасылды түскиіздер, қошқар мүйізді алашалар мен тоқылған сандық қап, қоржын, тағы басқа да той жабдықтары көздің жауын алады.


Кездесу барысында өткен шеберлік сағатында өз ісінің хас шебері Сәния Бекежанқызы болашақ ізбасарларына өрнек ою тәсілдерін үйретті. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы бірыңғай киім киюге ниеттеніп жүрген кітапхана ұжымына лайықты киім үлгісін ұсынды. Жастар тарапынан қойылған өзекті сұрақтар қатарында «Соңғы кезде кейбір ою-өрнектер орынсыз қолданылып жүр. Шалбардың балағы мен көйлектің етегіне арналған оюларды бөрік пен сәукелеге қондыратын «шеберлер» шығып жатыр. Осы орайда, өзіңіздей шеберлер ою-өрнектерді кітапқа басып, қайсысының қай жерде қолданылатынын жазып берсе дұрысболар еді» деген ұсыныс та болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив