Көкпектілік спортшы қатарынан екі жарыста топ жарды
Көкпектілік жас таэквондошы Анатолий Бойков екі бірдей дүбірлі жарыста үздіктер қатарынан көрініп, мамандар назарын өзіне аударды.
Жерлесіміз алдымен Екібастұз қаласында өткен ITF нұсқасы бойынша кадеттер, жасөспірімдер мен ересектер арасындағы халықаралық додада қарсылас шақ келтірмей, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Жалпы, бұл турнирде Анатолийдің командаластары – Шығыс Қазақстан облысы атынан сынға түскен таэквондошылардың барлығы жақсы өнер көрсеткенін айта кеткен орынды. Жарыс қорытындысы бойынша біздің спортшылар жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Анатолий Бойков бұл жарыстан кейін Шымкент қаласында жалауын желбіреткен халықаралық жарыста да жүлдегерлер қатарынан табылды. Shymkent open деп аталған байрақты бәсекеге Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Тәжікстан және Өзбекстанның 11-13 жас аралығындағы 800-ден астам спортшысы қатысты.
Жарыстың бірінші күнінде еліміздің таэквондошылары ғана сынға түсіп, бұл бәсекеде көкпектілік спортшы облыс құрамасы сапында екінші орынға ие болған-ды.
Ал келесі күнгі қазақстандықтармен қатар өзге елдің таэквондошылары да бақ сынаған жарыста Антолий Бойков тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеп, өз салмағында топ жарды. Жерлесіміздің осы жеңісінің арқасында Шығыс Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық үшінші орынға табан тіреді.