KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 1 м/с, С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Әуезов бәйгесіне «ат қосыңыз»

5.04.2018, 03:00 122

«Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда ол ойланып отырып:


– Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп, кішкене тақпақтап бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесінің тізесінен ақырын қағып:


– Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? – деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді».


Бұл – «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді. Мұхтар Әуезовтің мұрасын шет елдерге насихаттау мақсатында ұйымдастырылған халықаралық сайыстың ашылу рәсіміне келушілер ұлы жазушының өзге де «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек», «Қорғансыздың күні» сынды бірқатар шығармасынан үзінді оқыды. Тек қазақша емес, ағылшын және орыс тілдерінде де оқыды. Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы бас болып өткізіп жатқан іс-шара, міне, осылай басталды.



– Дәл қазір тікелей байланыс арқылы еліміздегі бірнеше қаладағы кітапханалармен қатар Ресей, Қырғызстан, Белоруссия, Моңғолия елдеріндегі әріптестеріміз де бізді тамашалап отыр. Ол жақтағы оқырман қауым да бұл бәйгеге «атқосуға» ықыласты. Ол үшін кітапхана сайтындағы «Мұхтар Әуезовті оқимыз!» атты бөлімге әзірлеген шығармашылық жұмысын (бейнеролик немесе басқа жұмыстар болуы мүмкін) жүктесе жеткілікті. Сайыс талаптарымен толықтай сайтымыздан таныса аласыздар. Ұнаған қатысушыңызға дауыс беруіңізге де болады, – деді кітапхана қызметкері Дана Серікқызы.


Ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің студенті Елдос Қабдырашитов есімді көрермен бірінші болып бұл сайысқа қатысатындығын мәлімдеді.


– Мен мектеп қабырғасынан бері Мұхтар Әуезовтің шығармаларын оқып келемін. Әсіресе, «Көксерек» әңгімесін сүйіп оқимын. «Қасқырды қанша бақсаң да орманға қарап ұлиды» демекші, бұл шығармада түз тағысының еркіндікке құмар болмыс-бітімі баяндалады. Алдағы уақытта осы әңгімеден үзінді оқып, жарысқа түспек ниеттемін, – деді болашақ сайыскер.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мұхтар Әуезовті оқимыз!» атты бұл халықаралық интернет-сайыс қыркүйек айына дейін жалғасады.




 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив