KZ
Өскемен
+19°
переменная облачность жел 3 м/с, В
479.05 534.57 5.17

Өскемен өкілдігі аламан айтыс өткізді

26.03.2018, 16:37 237

ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі «ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің жүлдесі» үшін «Ислам және отбасы» жылы аясында «Наурыз айы келгенде...» атты облыстық ақындар айтысын өткізді.


Өскемен қаласындағы 700 орынды «Металлургтер мәдениет сарайы» айтыс сүйер қауымға лық толды. Дүбірлі додада Шығыс Қазақстан облысының жүйрік айтыскерлерінің арасынан іріктелген 10 ақын бақ сынады.



Айтысты ашып сөз сөйлеген ҚМДБ Өскемен аймағы өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы:


-Айтыс - қазақтың дегдар өнері. Ақындарды ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) ерекше құрметтеген. Ақынды сыйлау, шапан жабу дәстүрі исламнан бастау алған. Біз рухани жаңғыру аясында ұлтымыздың құндылықтарын ұлықтау, биылғы ҚМДБ-дан жарияланған «Ислам және отбасы» жылына байланысты дәстүрлі тәрбиені насихаттауға аса мән беріп отырмыз. Бүгінгі айтыста көрермен қауым дүлділ ақындардан өткір сөз, өрнекті өнер күтеді, - дей келе, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

Айтыс аса тартысты болды. Ақындар әдептен аттамай, діни шеңберде ғана қалып қоймай, жер-су атаулары, әзіл-қалжың, ұлттық дәстүр, қазіргі ахуал жайлы алуан тақырыпты толғады. Әсіресе жас ақын Гүлжан Ықылас, Нария Ақбаба, Серік Қуанған, Еркін Қуаныштардың ұтқыр сөз, ұтымды ойлары көптің көңілінен шығып, алысқа шабатын дүлділдер екендігін байқатты.


Бас бәйге, «ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің жүлдесі» Қажылықтың сертификаты елімізге танымал жас айтыскер Қуаныш Еркінұлына бұйырды. 1-орынды жас ақын семейлік Серік Қуанған, келесі орындарды Фархат Маратұлы, Гүлжан Ықыластар еншіледі.



Жүлдегерлер Өскемен қалалық мешіттер атынан ақшалай сыйлықтармен сыйланды. Жүлдеге ілікпеген ақындардың барлығына қаржылай ынталандыру сыйлығы табыс етілді.


Марапаттау шарасы кезінде өкіл имам Ермек қажы Тасболатұлы мешіттің мәдени-рухани шаруаларына көмек көрсетіп келе жатқан әрі өңірде айтыс өнерін барынша насихаттап жүрген айтыскер ақын Аслан Ғафуровқа умра қажылық сертификатын табыс етті.



ШҚО "Халифа Алтай" мешітінің баспасөз қызметі


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив