KZ
Өскемен
+2°
переменная облачность жел 7 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Өскеменде Мұзтауға арналған жиын өтті

16.03.2018, 06:24 165

Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасындағы бұл жолғы бас қосудың себепкері – Мұзтау. Алтай тауының ең биік шыңы. Еліміздегі кие қонған жерлердің бірі. Жиынға қала мектептері мен колледждерінен келген оқушылар әйгілі тау төңірегіндегі аңыз-әпсаналарға құлақ қойып, шыңға өрлеген жандардың естеліктерін тыңдады.


– Мен туған өлкеме өлердей ғашық саяхатшымын. Оның әрбір қиыршық тасын, құлақтанып шыққан бір тал шөбін сүйемін. Мұзтауға бір барған адам, екі бармай, үш бармай тұра алмайды. Мен де бірнеше мәрте ол жаққа ат басын бұрдым. Ол шыңның өн бойында өзіне тартып тұратын ғаламат сиқыр күш бар, – дейді Светлана Владимировна.



 


«Қар барысын қорғау» қоғамдық қорының директоры Олег Логинов «Ілбіс – қар барысы» атты кітабына енген ертегілердің біріне тоқталды.


– Кітап фотоальбом іспетті. Бірақ ішінде танымдық дүниелер де баршылық. Мәселен, онда «Қар барысы – аспан тауларының нышаны» атты ертегі енген. Ертегі авторы – менің жарым Ирина. Ертегіде, аты айтып тұрғандай, басын мәңгі қар басқан Мұзтау шыңын мекен ететін барыс туралы сөз болады. Адамның қоршаған ортаға деген көзқарасы бала кезінен бастап қалыптасуы керек қой. Туындының мақсаты – бүлдіршіндей балалардың ұлы жаратылыс – табиғатқа деген махаббатын ояту. Әмбесі, барыс туралы жазылған шығармалар жоққа тән. Бұл шығарма сол бір олқылықтың орнын толтырғандай. Жеңіл оқылатын, шиеленісті оқиғасымен оқырманды үйіріп әкететін туынды деп білемін мұны. «Алтай тауларында киелі Мұзтау атты шыңның рухы – қар барысы ғасырлар бойы мекен етіп келеді. Ешбір аң баласының сондайлық биікте өмір кешуі неғайбыл» деп басталатын шығарманың ішіне бірден еніп кетесіз, – дейді Олег Логинов.


Жиында Ресей Федерациясы Алтай университетінің ұстаздары мен зоолог, жазушы Антонио Сорушев тікелей байланысқа шығып Алтайдың биік шыңдары туралы өз білгенімен бөлісті.


– Алтай тауын қоныс қылған тұрғындар өлке тарихына қатысты нешеалуан аңыз-әпсаналармен таныс. Жай ғана таныс емес, бесікте жатқанында-ақ ана сүтімен қатар оның бұлағына қанып өскен деуге болады. Десе де, олар Мұзтау шыңының бар жұмбағын толықтай шешті деп айта алмаймын. Бүгінгі жиынға қатысып отырған жастар, бәлкім, болашақта оның сырына үңіліп көрер... – дейді экранның арғы жағындағы Антонио Сорушев жиынның жас қонақтарына ой тастап.


Айта кетейік, шара барысында өткен көрмеде Алтай тауының әсем көріністерін естелік қылып қалдыра білген әріптесіміз, облыстық «Дидар» газетінің қызметкері Мерей Қайнарұлы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Константин Прокопов сынды әуесқой фотографтардың суреттері қойылып, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров бастаған әйдік жазушылардың алтын таудың асқақ бейнесін сөзбен сомдаған кітаптары орын тепкен екен.


– Бұл шараның арқасында күн сайын қасиетті топырағын басып, ұшар басына көз тіге тамсанып жүрген Алтай тауымызды басқа бір қырынан көрдік. Тың деректермен танысып, көптеген мәліметтерге қол жеткіздік. Бұдан былай осындай шараларға достарымды үнемі ертіп келетін боламын, – деді кештен соңғы әсерімен бөліскен облыстық техникалық-экономикалық колледждің студенті Саида Тельменбаева.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив