Семейде студенттерге арналған жатақхана бой көтеруде
Бүгінде ел бойынша «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жан-жақты талқылануда. Реформалық манифесті әсіресе жастар ерекше тебіреніспен қабылдады. Оның себебіде анық. Мемлекет басшысы 2022 жылдың соңына қарай студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды. Бұл бағытта Семейде атқарылып жатқан істер жоқ емес.
«Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет. Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті». Бұл Елбасының аталмыш үндеуде келтірген орамды ойлары. Рас, деректі сөйлетсек, бүгінгі уақытта Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында жарты миллионнан аса жас білім алуда. Олардың 30% жуығы мемлекет бөлген грантпен оқып келеді. Алайда сол жастардың дені ағайын-туғанды аралап, пәтерден пәтерге көшіп жүргені жасырын емес. Бұдан қалды, бірігіп пәтер жалдап жүрген студенттер қаншама? Ал осыдан кейін сапалы білім яки бәсекеге қабілетті маман қайдан болсын?! Осы міндетті шешу үшін Президент, білім ордалары мен девелоперлік компанияларға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жатақхана салуға ұсыныс тастады. Өз кезегінде Мемлекет Білім және Ғылым министрлігі арқылы құрылысқа жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігін қайтаруға кепілдік береді. Семей қаласындағы Мемлекеттік медицина университеті еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Білім ұясының медицина кадрларын даярлап келе жатқанына биыл 65 жыл толып отыр. Университетте 5 мыңға тарта студент оқу үстінде. Мұнда Қазақстаннан бөлек, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан және Пәкістанның азаматтары медицина мамандықтарын меңгеріп келеді. Оқу орынның материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай. Мемлекет басшысы көтерген бес әлеуметтік бастама, болашақ дәрігерлердің ертеңіне сенім ұялатты.
- Тұтастай республика көлемінде алсақ, біздің университет медициналық оқу орындардың ішінде ең үздіктерінің бірі деп айтуға болады. Оған дәлел де жоқ емес. Бұл жерде студенттердің білікті маман болып шығуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Оқу корпустарының дені жоғары технологиялық қондырғылармен жарақталған. Бұған қоса сабақ беру үрдісі де жыл сайын жаңарып келеді. Бұл студенттердің білімге деген құштарлығын арттырмай қоймайтыны анық. Қазіргі таңда университет қарамағында үш жатақхана бар. Онда шамамен 200-ден аса жас тұрып жатыр. Жатақханамен бірінші кезекте ата-ана қамқорлығынан айырылған, әлеуметтік тұрмысы төмен, сол секілді сабақ үлгерімі жақсы студенттер қамтылады, - дейді СММУ-нің студенттік ректоры Ернұр Өртбаев.
Бұл ретте Қарағайлы шағын ауданында, медицина университетіне қарасты тағы бір жатақхана бой көтеретінін айта кеткен орынды. Осы күндері оның құрылысы қарқын алған. Жобаға сәйкес, 5 қабатты нысан 7 корпустан тұратын болады. Оның нәтижесінде қосымша 1000 студенттің әлеуметтік мәселесі шешілмек.