KZ
Өскемен
+4°
туман жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

7 пайыздық ипотека қашан беріледі?

14.03.2018, 04:12 338

Көктемнің алғашқы айы қазақстандықтарға жағымды жаңалығын ала келді. Наурыздың басында өткен ҚР Парламентінің біріккен отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек етуші әр қазақстандық бұдан былай тұрғын үйді жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын өсіммен ала алатынын мәлім етті. Елбасының тапсырмасымен енгізілгелі отырған «7-20-25» бағдарламасы қарапайым халыққа қолжетімді бағада үй сатып алуға жағдай туғызбақ. Осыдан екі күн бұрын Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков аталған «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша тұрғындарға 7 пайыздық несие беру биылғы жылдың екінші жартысынан басталуы мүмкін екенін айтты.


Оның айтуынша жаңа бағдарлама аясында құрылатын банктің еншілес компаниясы банктерден ипотекалық несиелерді сатып алып, жылдық мөлшерлемені 7 пайызға дейін түсіреді. Несие алған тұрғындар төлемдерін банктерге төлей береді. Қазір құқықтық-ұйымдастырушылық шаралар жүргізіліп, банктермен келісімдер жүргізіліп жатыр, бағдарламаға қандай банктер қатысатыны әзірге белгісіз.


– Жұмыс істейтін әр азамат несиеге пәтер сатып ала алатындай тетіктерді қарастыруымыз қажет. Мен «7-20-25» деген жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Еңбек етуші әр қазақстандық мынадай шарттармен тұрғын үйді қарызға ала алады: сыйақы мөлшерлемесі қазіргідей жылына 14-16 пайыз емес, 7 пайыздан аспайды. Қазір банктер бастапқы жарнаға 30, кейде 50 пайызын сұраса, бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна мөлшері 20 пайыздан аспауы керек. Несие 10-15 жылға емес, 25 жылға беріледі, — деп түсіндірген болатын Президент бұл жаңа бағдарламаның халыққа берер жақсылығын.

Қош, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 7 пайыздық өсіммен үй алғанда оның үстемақшасы, алғашқы жарнасы,


артық төлемі қанша болады? Қазақстандықтарды елең еткізген ерекше бағдарламаның тиімділігі неде?


Асел Апышева,С.Аманжолов атындағы ШҚМУ дың қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі экономика ғылымдарының кандидаты, доцент:


-Пайыздық мөлшерлеменің екі түрі болады. Олар: атаулы және тиімді. 7 пайыз дегеніміз ол тиімді пайыздық мөлшерлеме болса онда халыққа өте тиімді болады. Мысалы, мен «Форте банктан» тұрғын үй несиесін 13 пайыздан алып, төлеп жатырмын. Бұл атаулы пайыз, ал, атаулы пайыздың нақты көрсеткіші- тиімді пайызбен аталған банк маған несиені 16 пайызбен беріп отыр. Тиімді пайыздық мөлшерлеме – нақты пайыздың анық көрсеткіші. Жылына қанша қосылатынын көрсетеді. Көптеген банктер несие пайызы деп оның атаулы пайызын көрсетіп қояды. Ал тиімді пайыздық көрсеткіші одан әлдеқайда жоғары болып тұрады. Сонда осы банктен алған 2,5 млн теңге несием үшін 15 жылда екі еседен асырып, алған несиемнің үстіне қосып 5 млн 200 мың теңге артық төлем төлеймін.

7 пайыздық тиімді мөлшерлемемен берілетін несие банктік несие бағдарламасымен, банктік есептеп -шағумен берілмек. Айталық, бағасы 10 миллион теңгелік пәтерді ипотекаға алсаңыз:


Жылдық мөлшерлемесі: 7 %; Алғашқы жарнаға: 2 000 000 теңге (20%); Ипотека сомасы: 8 000 000 теңге; Қайтару мерзімі: 25 жыл немесе 300 ай; Ай сайынғы төлем: 56 мың 542 теңге; Бүкіл шығын 18 млн. 969 мың теңге; сонда 25 жылдағы артық төлем шамамен 8 млн. 969 мың теңгені құрамақ.


Егер отбасының табысы көп болса несиені 25 жылға емес, 10 жылға алып, ай сайын 92 мың теңге көлемінде несие төлеп, артық төлем шығынын 3 млн 145 мың теңгеге түсіруге болады.


Апта басында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков 7 пайыздық ипотекалық несие биылғы жылдың екінші жартысынан бастап беріліп қалуы мүмкін екенін айтты. Бірінші жарты жылдықта елімізде несие берудің жобасы жасалып, қабылданбақ, көптеген заңдар мен қаулыларға өзгерістер енгізілмек. Оның айтуынша 20 млн. теңгенің пәтерін несиеге алған тұрғын ай сайын банкке 140 мың теңге төлейді, артық төлем шығыны 22 млн.теңге. ал, 7 млн теңгенің пәтерін сатып алған тұрғын ай сайын банкке (25 жыл бойы) 50 мың теңге төлеуі керек, артық төлем шығыны 8 млн теңге.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив