KZ
Өскемен
+26°
переменная облачность жел 2 м/с, ОБ
443.44 480.51 4.88

Әйелдердің құшағы гүлге толған күн

7.03.2018, 07:45 226

Міне, көктемнің жылы лебімен тағы да бір мереке келіп жетті. Ол – әйелдер мерекесі. Шынында да мынау әлем әйелмен әдемі, қыз-келіншектермен көрікті екені даусыз. Ананың ыстық махаббаты мен мейірімі болмаса, тіршіліктің тынысы да тарылар еді-ау. Осынау айтулы мерекеге орай облыстық драма театрында салтанатты жиын өтті. Шығысқазақстандық әйелдер қауымын облыс әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның төрайымы Ә.Нүсіпова құттықтап, ізгі тілегін білдірді.


Тегінде көктем мен әйелдің табиғаты егіз ғой. Көгілдір көктемнің алтын күрек желі қыс бойы тоң болып қатқан қарды ерітсе, әйелдің махаббаты жүректерге жылылық сыйлайды. Әйелсіз өмір жылусыз, әйелсіз өмір көңілсіз. Сұрықсыз тіршілікке әр беретін де, нәр беретін де - әйел. Бұл күні Өскемендегі облыстық драма театрының төріне өңірдің ең сұлу, ең дана, ең іскер әйелдері жиналды. Әрқайсысының жүзінен шаттық пен қуаныштың лебі есетіндей. Мерекелік концерттің алдында залға жиналған әйелдер қауымын ең алдымен облыс әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның төрайымы Әсем Нүсіпова құттықтап, жылы лебізін білдірді.


- Осынау залда бүгін ерекше көңіл-күй салтанат құрып тұр. Біз қазір Шығыстың әйелдерінің қаншалықты сұлу, ақылды да дана, мейірімді екендігіне тағы да бір көз жеткізіп отырмыз. Мен шын жүректен сіздердің бүгінгі мерекелік концертті тамашалағандарыңызды тілеймін. Жүздеріңізге күлкі үйіріліп, біздің нәзік иығымызда үлкен жауапкершіліктің барын сезінгендеріңізді қалаймын. Шынында да біз үшін шаңырақ шаттығы, отбасы мен бала бақыты ерекше маңызды. Бірақ біз өз кәсібімізді де адалдықпен атқарып келеміз, - деген облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Бүгінде облыста 730 мыңнан астам әйелдер қауымы бар екенін ерекше атап айтты. Бұл облыс тұрғындарының 50 пайызын құрайды. Олардың 60 пайызы экономикалық жағынан белсенді тұрғындардың санатына жатады. Әйелдердің 40 пайызы басшылық қызмет атқаруда. Облыс әкімінің орынбасары Ә. Нүсіпова бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер әйел-аналарға ерекше алғысын жеткізді. Бүгінде сонау 1941 жылғы қанды соғысқа куә болған 29 ғана ардагер әйел қалыпты. Ал тыл ардагері атанған аналардың саны 19 мыңға жетіп жығылады екен. Сондай-ақ, өңірдің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында барлығы 80 мыңдай әйел еңбек етуде. Білім саласында 24 710 нәзік жанды педагог жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. Облыстық денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің үлесі 90 пайыз болса, екі мыңдай әйел өңірдің мәдениет саласының дамуына үлес қосуда. Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі ешқандай мәдени шараның әйелдерсіз өтпейтінін тілге тиек етті.


Аймақта өзінің шағын кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп отырған әйелдердің қатары да жетерлік. Құқық қорғау, қаржы, кеден салаларында да әйелдер ерлермен бірдей еңбек етуде. Аудан, қала, елді-мекен әкімдерінің орынбасарлары арасында да әйелдердің санының әжептәуір артқаны байқалады. Әр түрлі деңгейдегі мәслихат депутаты атанып, халықтың үнін билікке жеткізіп отырған әйелдер де баршылық.


Десе де өз сөзінде «әйелдің басты міндеті – ана атану, отбасы мен бала бақытын сақтау» екенін ерекше атап айтқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова көпбалалы батыр аналарға да ерекше алғысын білдірді. Бүгінде облыста жеті мыңдай «Алтын алқа» мен «Күміс алқаға» ие болған батыр аналар бар екен.


Әрине, кез келген салтанатты жиынның сәні – марапат екені даусыз. Осы орайда әр салада еңбек етіп жүрген бірқатар әйелдерге облыс әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпованың алғыс хаты табыс етілді. Марапатталғандардың арасында өзіміздің «Дидар» газетінің шолушысы Айнагүл Ескенқызы мен жыр сүйер қауымға есімі белгілі ақын, ардагер журналист Ғафура Сәрсенбайқызы да бар. Сонымен қатар, мұндай марапатқа облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Светлана Нұрғазиева, Семейдегі «Айша бибі» ұлттық-мәдени орталығының басшысы Айман Боқбасарова, Өскемендегі «Балалар ауылының» ана-тәрбиешісі Гауһария Жұмағалиева, Шығыс Қазақстан облыстық прокурорының аға көмекшісі Мағираш Заинова, полиция майоры Гүлнара Қапышева, Семейдегі Ф.Достоевский атындағы музей-үйінің директоры Татьяна Автушко және т.б. бар.


Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік концертке кезек берілді. Концертте шырқалған барлық ән мен күй әйел-аналарға арналды. Ал осынау салтанатты шараға арнайы келген «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин мерекелік кештің шоқтығын одан сайын биіктете түскендей болды.


- 8-наурыз – шынында да әйелдер қауымының асыға күтетін мерекесі ғой. Кез келген ел әйелді, ананы сыйламай алға озбайды. Сондықтан да бүгінгі мерекеде әйелдің мерейі әркез үстем болса деп тілеймін. Әйел бақытты болса, қоғам да бақытты болады, - дейді Тарбағатай ауданы Ақжар ауылынан келген дәрігер-психиатр-нарколог Айгүл Әбілқазымова.

[su_slider source="media: 25180,25181,25182,25183,25184,25185,25186,25187,25188,25189,25190,25191,25192"]

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив