Аманжолов университетінің өкілдері Ұлан ауданында болды
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ оқытушылары Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі Мәдениет үйінде мектеп оқушыларымен, олардың ата-аналарымен және мұғалімдерімен, сондай-ақ ЖОО түлектерімен кездесу өткізді.
ШҚМУ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, кездесуге университет ректоры Мұхтар Төлеген, факультеттер декандары, құрылымдық бөлімшелер жетекшілері қатысып, ШҚМУ туралы айтқан. Ректор бір топ оқу орны түлектерінің ата-аналарына алғыс хаттар табыстапты.
Жаңа ректордың алғашқы сапарын осы жылы 90 жылдығын атағалы отырған Ұлан ауданынан бастауы кездейсоқ емес, университетке есімі берілген Сәрсен Аманжолов – осы өңірдің тумасы, сонымен қатар ШҚМУ-мен тығыз қарым-қатынас жасап жүрген әйгілі археолог-ғалым Зейнолла Самашев та – Ұланның азаматы.
Жиналғандар университеттің тыныс-тіршілігі туралы бейнероликтен де көріп білді, ал кездесу студенттер әзірлеген кіші-гірім болса да ерекше концертпен аяқталды.