KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 1,3 м/с, ОШ
450.79 482.21 5.05

700-ден астам игерілмей жатқан жер телімі анықталған

8.02.2018, 08:40 236

Зырян ауданында облыс басшылығының тапсырмасы бойынша жүргізілген Бұқтырма су қоймасының жағалауын инвентаризациялау жұмыстары соңына жетті. Тексеріс барысында біраз заңбұзушылықтың беті ашылды. Аудандық әкімдіктен хабарлағандай, алдағы уақытта аталмыш рекреациялық аймақ жөнге келтіріліп, туризмнің дамуына жағдай жасалмақ.


Күні бүгінге дейін рекреациялық аймақтағы жерге, құрылыс пен сәулетке, сондай-ақ салық түсіміне қатысты туындаған даулы мәселелер аудан экономикасына айтарлықтай ауыртпалығын түсіріп келген. Алайда, соңғы бір-екі жылда облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған кешенді шаралар арқасында бұл күрмеуі қиын мәселенің де беті бері қарай бастады.


Былтыр облыс деңгейінде көтерілген проблемаға қатысты аймақ басшысы Даниал Ахметов тарапынан құзырлы мекемелерге нақты міндеттер жүктелген болатын.


– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Бұқтырма су қоймасының жағалауына инвентаризация жүргізілді. Ондағы мақсат жер туралы заңның сақталуын қадағалау, құрылыс пен сәулет нормаларын, сондай-ақ су қорғау режимін бұзу деректерін анықтау болды. Осы мақсатта ауданда туризм бөлімі құрылып, оның мамандары аталған бағытта жұмыс жүргізген болатын, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Белгілі болғандай, былтырғы мамыр айында аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің тапсырмасы бойынша Зырянда су қоймасының жағалауын тексеру жұмыстарына жауапты арнайы жұмыс тобы құрылған.


– Біздің ауданда су жағасында орналасқан екі рекреациялық аймақ бар. Оның біріншісі Бұқтырма рекреациялық аймағы болса, екіншісі – Никольск ауылдық округі аумағындағы зона. Жалпы, аталмыш аймақтарды тыңғылықты тексеру мәселесі әлдеқашан туындаған болатын. Алайда, былтырға дейін бұл жұмыстарды жүргізу жағы қиынға соғып келген-ді. Бұл іске облыс әкімінің араласуы арқасында сең қозғалып, қалыптасқан ахуалды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды. Бізге облыстық басқармалар мен аудан басшылығы тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Әсіресе, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мамандарының көп көмегі тиді, – дейді аудандық туризм бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Князев.

Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы тексеру жұмыстары осымен тәмам деуге әлі ерте. Алайда, қазірдің өзінде кейбір қорытындылар жасауға болады. Мәселен, 1991 мен 2003 жылдар аралығында ауданда су жағасында орналасқан 4 612 жер учаскесі оларда саяжайлар мен демалыс базаларын салу мақсаттарында пайдалануға берілген.


– Екі рекреациялық аймақтағы салынған саяжайлар мен демалыс базалары ғимараттарының саны бүгінде 14 120 бірлікті құраса, оның 4 120-сы ғана тіркеуден өтіпті. Тексеріс барысында жеті жүзден астам жер телімі үш жылдан артық уақыт игерілмей, бос жатқаны анықталған. Бұл телімдердің барлығы бақылауға алынды. Сонымен қатар, туристік мақсатта пайдалануға болатын жер телімдері де бар екені анықталды, – дейді Вячеслав Князев.

Оның айтуынша, демалыс базасын саламын деп жер алып, кейін оны бөлшектеп сатқан кәсіпкерлер де бар екен. Олардың ісі енді сотта қаралмақ. Сол сияқты су қорғау аймақтарына баса-көктеп кіріп, үй салған азаматтарға қатысты да тергеу амалдары жүргізілетін болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив