KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 3 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Шекарадағы Шіліктінің мәселелері қашан шешіледі?

4.01.2018, 08:21 144

Газетке жазылу науқанына орай шекарада жатқан Зайсан ауданының Шілікті ауылына жолымыз түскен еді. Аудан орталығынан жетпіс шақырымдай қашықтықта, Қытаймен шекараның дәл түбінде жатқан ауылдық округ тұрғындарының айтары да аз емес екен. Оқырмандармен кездесу барысында ең алдымен олар жол, денсаулық сақтау, білім беру, мәдени мұра саласындағы өзекті мәселелер шешімін тапса дегенді айтты.


Жол азабын тартып келеді


Тұрғындар кезінде жоғарыдағы мәселелерді баяндап, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновқа да хат жазған екен. Өкінішке қарай, ешқандай жауап болмапты. Мәселен, осы ауылдық округте ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған, бүгінде осындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Саяш Нәсіретов шаруашылығы шалқыған бұрынғы кеңестік заманда Шілікті бес мыңнан аса халық қоныстанған, үш орта, екі бастауыш мектебі бар, бес ауылдың басын қосқан іргелі мекен болғанын айтады. Ал қазіргі жағдайы мүлдем басқаша, халық саны бұрынғының жартысы ғана.


– Ауыл тұрғындарын қатты қинайтын күрделі мәселенің бірі – жылдар бойы жөндеу көрмеген Зайсан – Шілікті жолы. Бұл жол – облыстық маңыздағы жол. Аудандық бюджеттің шамасы тек маусымдық күтіп, ұстауға ғана жетеді. Шілікті ауылына ауызсу тарту да талайдан бері айтылып келеді. 2016 жылы «Алтын адам» табылған қасиетті жердің археологиялық жұмыстарымен, ауылдағы ағайынның жай-күйімен танысу үшін облыс әкімі Даниал Ахметов Шіліктіге арнайы келген болатын. Қазба жұмыстары жайында профессор Әбдеш Төлеубаев толық ақпарат беріп, жәдігерлерін көрсетсе, мен ауылдық округтің ардагерлері атынан жағдайымызды айтып көмек сұрадым. «Шіліктіде 62 шақырым жолға асфальт төселеді және таза су тартылады. «Алтын адам» шыққан жерге аспан асты мұражайы салынады» дегенді облыс басшысынан естігенде ауыл халқы қатты қуанды, - дейді Саяш Нәсіретов.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен соң, еліміздегі тарихи ескерткіштер мен киелі жерлердің мән-маңызы жан-жақты зерделеніп жатқаны белгілі.


– Сондай тарихи орынның бірі – аймақтағы Сақ тайпалары мекендеген, «Алтын адам» табылған Шілікті округі. Ауылымызда ашық аспан астындағы мұражай салынған жағдайда бірқатар әлеуметтік мәселелер де шешілмек - дейді ақсақал.

Тұрғындар мектеп жабыла ма деп алаңдаулы


Ауылдағы ағайындар бұл мәселелер аудан әкімі Темірбек Қасымжановтың халыққа есеп беру жиынында да айтылғанын, аудандық мәслихат депутаттары да хабардар екенін айтады. Тіпті, жолдың мәселесі биыл қыркүйек айында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Елден хабар» бағдарламасында да көтерілген екен. Әсіресе, ауылдықтар халық санының азаюы мектептердің жабылуына апарып соға ма деп алаңдайды. Себебі, мектебі жоқ ауылдың болашағы да жоқ.


– Шекарада орналасқан Кәкенталды деген ауыл бар. Екі жүздің үстінде адамы, бастауыш мектебі болған. Мектеп жабылған соң, ауылдың халқы да көшіп кетті. Шіліктіге көшіп келейін десе, жол жоқ, ауызсу жоқ. Еріксіз бәрі қалаға көшіп кетті. Тасбастау ауылына 2007 жылы жаңа орта мектеп салынды. Оқушысы толық болды. Қазір 60 баласы бар орталау мектеп болып қалды. Қарасай деген бастауыш мектебі бар шағын ауыл бар. Халықтың көшуі әлі де тоқталмай тұр. Оның үстіне былтырғы сарып ауруы елдің қолындағы талай малды құртып кетті, - дейді Саяш Нәсіретов.

Ал ауылдық округтің қазіргі әкімі Құрмет Сағиев елдің бәрі жаппай көшіп жатпағанын, керісінше даладағы қыстақтардың бәріне мал ұстаған ел барып жатқанын айтады.


– Көші-қон мәселесі ол – табиғи заңдылық. Алайда, жаппай ел көшіп жатыр деген сөз емес. Мысалы, 1996 жылы 48 отбасы көшіп кеткен болатын. Елдің бәрі қалаға ағылды. Ал қазір жағдай басқа. Соңғы үш жылда халық саны тұрақты. Ауыл шаруашылығымен тұрақты айналысып жатыр. 45 шаруа қожалығы қыстауларға шығып, бұрынғы кеңшардың қаңыраған базаларын қалпына келтірді. Ауылда еңбек етем, мал өсірем деген адамдарға жағдай бар, - дейді ауылдың әкімі.

Жалпы ауыл әкімінің берген ақпаратына сүйенсек бүгінде округ аумағында жеті елді мекен бар. Олар – Жалши, Тасбастау, Кәкен Талды, Қарасай, Қазақстан, Кемпірбұлақ, Шілікті ауылдары. Халық саны – 2520 адам. 86 шаруа қожалығы, тоғыз дүкен, алты мал дәрігерлік қызмет, бір шаштараз, үш наубайхана, бір дәріхана, үш орта мектеп, бір бастауыш мектеп бар. Оларда 477 оқушы оқиды. Шілікті ауылында 256 номерлік АТС жұмыс істейді. Бір жанұялық емхана, екі ФАП, үш ФП бар.


Алдағы күннен үлкен үміт күтеді


Кездесу барысында округтегі Жалши ауылының тұрғыны, «Дидардың» қоғамдық тілшісі Рахимаш Хамзина ауылға газет-журналдардың кешігіп келетінін айтып, жаңа жылдан бастап «Қазпоштаның», оның аудандық филиалының қызмет көрсету сапасы жақсарса деген тілегін білдірді.


Сондай-ақ Жалши ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Рахимов «ауылдағы дәріханада бірінші кезектегі қажет дәрілер болмай қалады, ел ауырса Зайсанға сабылуға мәжбүр. Ауданда да ауырып барған жұрт екі-үш сағат дегенде дәрігердің алдына әрең кіреді. Халықтың жиі сұранысындағы дәрі-дәрмектер ауылдың дәріханасында болса, білікті, білімді дәрігер мамандар ауылға келсе, ауылға келген су мен жарық бір көшеге емес, барлық көшеге неге толық тартылса деген мәселе көтерді. Тұрғындар ауылда интернет байланысы орнатылса, сапасы көтерілсе деген де тілек білдірді. Себебі, қазіргі жастар, мектеп оқушылары үшін «интернетсіз дүние бос».


Ал Шіліктіге дейінгі жолдың мәселесін аудан әкімімен кездесу барысында көтергенімізде Темірбек Жұмақұлұлы облыстық маңыздағы жолдың жөндеуіне қаражат республикадан қарастырылатынын, жобалық-сметалық құжаттамасы облыста дайын екендігін, қаржы бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстары басталатынын алға тартты. Алайда, оған қарамастан жыл сайын маусымдық күтіп ұстау жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру, ауылға су тарту жұмыстары да қолға алынған. Ұялы телефон байланысы тиісінше жұмыс істеп, қоғамдық көлік тұрақты қатынап тұр.


Енді ашық аспан астындағы мұражай салынып, баға жетпес жәдігерлеріміз тиісті деңгейде насихатталатын болса, киелі орынды көруге келушілердің саны да артпақ. Ал туристердің мұнда көбірек келуі мақсатында жолдың мәселесі де тиісінше кезегімен шешімін табатыны сөзсіз. Тек сол күн тезірек келсе, халықтың ауылдан көшуі тоқталса, шекара маңы қаңырап иен қалмаса дейді шіліктілік ағайындар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив