KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, В
471.83 505.66 5.4

Шекарадағы мектептер неге жабылып жатыр?

6.01.2018, 08:03 133


– Зайсан ауданы Шілікті ауылдық округіне қарасты шекара іргесіндегі Кәкенталды ауылындағы бастауыш мектеп неге жабылып қалды? Аудандағы басшылар халық көшіп кетіп, бала азайғасын жабылып қалды дейді. Шындығында олай емес, алдымен мектеп жабылды, содан соң халық көшіп кетті. Негізінде мектепті ұстап тұру керек еді. Округтегі Тасбастау ауылындағы орта мектеп те қазір орталау болып қалды, 60-тай ғана оқушы бар. Ертең ол да жабылып қала ма деген күдік бар. Округтегі тағы бір бастауыш мектеп те жабылып қала ма деп алаңдаймыз. Мектептер неліктен жабылып жатыр, бала санын көбейтуге неге әрекет жасалмайды? Осыған қандай жауап бересіздер?

Саяш Нәсіретов


Шілікті ауылы, Зайсан ауданы.


 


Сауалға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмәділова жауап береді:


– Зайсан аудандық білім бөлімінің мәліметі бойынша Шілікті ауылдық округіндегі Кәкенталды ауылындағы бастауыш мектеп 2010 жылы оқушы контингентінің аздығына байланысты жабылған. 1-4 сынып аралығында барлығы 10 оқушы ғана білім алған. Осы кезеңде С.Нәсіретов Шілікті ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, мектептің жабылу процесіне қатысқан.


Тасбастау ауылындағы мектеп 2007 жылы 96 орынға салынған. Оқушы санына келсек,  қазіргі уақытта мектепте 1-9 сыныптарда 48 бала оқиды.


Ауыл шекаралық аймақта орналасқандықтан, мектепті жабу туралы жоспар белгіленбеген. Мектептің ауыл балаларына сапалы, заманауи талаптарға сай білім беруін қамтамасыз ету мақсатында химия кабинеті, мультимедиялық құрылғылар, (5+1) компьютер алынды.


Сондай-ақ осы аймақта Қарасай ауылы орналасқан. Онда Қарасай бастауыш мектебі жұмыс істеп тұр. Мектеп ғимаратына 2016 жылы жергілікті бюджеттен 1 млн. 792 мың теңге қаржы бөлініп, ғимарат ағымдағы жөндеуден өтті.


Шілікті ауылдық округінде Шекарашы орта мектебі орналасқан. Мектептің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай. Жыл сайын жаңа модификациялы кабинеттермен толықтырылып келеді.


Алдағы уақытта Зайсан ауданына Оңтүстік Қазақстан облысынан 26 жанұя көшіп келеді деп жоспарланып отыр. Көшіп келген отбасылар халық саны азайып бара жатқан ауылдарға қоныстандырылады. Аталған іс-шара ауылды сақтап қалуға мүмкіндік бермек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив