KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, В
472.57 508.34 5.4

Жұмыссыз қалдырмайтын мамандық қайсы?

21.12.2017, 06:57 174

Жоғары оқу орынында оқып, жоғары білімді маман болсам көздегеніме жетем деген арманның көкжиегі бүгінде бұлыңғырлана бастады. Бір емес, екі диплом қалтада жүргенімен мамандығыңа сұраныс аз болса, оның үстіне өз мамандығыңның кәсіби шебері бола алмасаң жұмысқа орналасу оңай емес.


Қысқа мерзім ішінде теория мен тәжірибені ұштастыра отырып білім алып жатқан Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы колледждің түлектері бүгінде жұмыс берушілердің қойып отырған биік талабынан шығып, көпшілігі оқу орынын бітіре салысымен жұмыс тауып алып жатыр.


Бұл колледждің автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу шеберханасының іші қай кезде де студенттерден арылмайды. «Матиз»дің қозғалтқышын компьютерлік диагностикадан өткізіп жатқан бір топ студент дәрісханада оқып- тоқығандарын осы жерде тәжірибеден өткізіп, іске асырып жатыр екен. Автокөліктердің ақауын бірден тауып, дөп басып көрсетіп беретін құрал –жабдық шеберханаға бірер жыл бұрын сатылып әкелінген. Болашақ механиктер алдымен көліктің күрделі ақауларын осы компьютерлік құралмен анықтап алады. Үлкен шеберхананың ішіне айналдыра қойылған дөңгелектерді теңестіру, қозғалтқышты, басқа да қосалқы бөлшектерді жөндеу жұмыстарына қажетті қондырғылардың бәрі де заманауи құралдар. Өндірістік оқыту шебері Данияр Рыскелдинов бізге автокөлікке техникалық қызмет көрсету мамандығын игерген түлектердің басым бөлігі жұмысқа орналасып жатқанын айтты. Колледждің өткен жылғы түлектерінің бірі Қабдығажы Нұрмұхамбет оқу орынын бітірісімен көлікпен байланысты кәсібін бастап, қаладан автокөліктерге техникалық қызмет көрсету бекетін ашыпты.


Соңғы жылдары елімізде, біздің облыста тауарлы сүт фермалары көптеп құрылып, сүт өндірісін дамыту қарқын ала бастады. Аймақта сүт өндірісі мамандарына деген зәрулікті зерттей келе оқу орыны осыдан он жылдай бұрын сүт өндірісінің техник -технологтарын оқыту мамандығын ашқан. Автомеханиктер сияқты Құмаш Нұрғалиев атындағы колледждің « Сүт өнімдері өндірісі» мамандығын таңдаған жастар да сүт өндіруші, жинаушы кәсіпорындардың қажеттілігін өтейтін сұраныстағы мамандарға айналып отыр. «Шығыс Сүт» ЖШС мен жасалған келісім негізінде аталған кәсіпорынның білікті мамандары колледжге келіп арнайы пәндерді оқытып, студенттер заманауи технологиямен жұмыс істеп жатқан бірегей сүт кәсіпорынында тәжірибеден өтуде.


Марат Нұрғалиев, Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы сервис колледжінің директоры:


-2009 жылдан бастап студенттер сүт өндірісі техник -технологтары мамандығын « Шығыс Қазақстан облысында білім беруді дамытудың аймақтық үлгісі» атты Қазақстан -Норвегия қанатқақты жобасы бойынша оқып жатыр. Осы жоба аясында кәсіптік білім беруде халықаралық тәжірибені пайдаланып жатырмыз. Облысымыздың техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының ішінде тек біздің колледждің студенттері ғана «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру», «Экономика», «Есеп және аудит», «Құқықтану» мамандықтарын қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша меңгеріп жатыр.

10-11 сыныпты бітіріп, осы колледжге түскен жастар «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Нан, макарон және кондитер өндірісінің технологиясы», «Сүт өнімдерінің өндірісі», «Автокөлікті қолданау және жөндеу, техникалық қызмет көрсету», «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыздандыру», «Туризм», «Құрылыс бұйымдары мен құрастырылымдар өндірісі», «Дизайн», «Шаштараз өнері мен сәндік косметика», «Есеп және аудит», «Құқықтану», «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандықтарын алып шығуда.

Бүгінде біреуге таңсық, біреуге «қажеті жоқ» болып саналып жүрген «Туризм» мамандығына деген көзқарас түзеліп, қажеттілік артып келеді. Туризмді дамытып, демалыс орындарын ашуға аса қолайлы болып отырған өңірімізде осы салада жұмыс істей алатын сауатты, білікті мамандар жетпей жатыр. Демалыс орынын ашып, туризмді дамытуды қонақ үй салу деп қана білетін көптеген кәсіпкерлеріміз менеджерлер, нұсқаушылар, жол көрсетушілер, саяхатты, демалысты ұйымдастырушылар, сервистік қызмет болмаса туризм бизнесінің өркендемейтініне көздері жетіп, менеджмент жүйесіне көңіл бөле бастады.


-Саяхатшыларға, туристерге демалыс базасының иесі, қызмет көрсетушілер оларды сол жерге қайта оралатындай, келетіндей етіп жағдай тудыру, жасау керек. Туризмнің дамығаны ең алдымен осыдан көрінеді, – дейді колледж директоры Марат Нұрғалиев.- Туризм үшін инфрақұрылым қажет, кәріз жүйесі керек, оның бәріне қыруар қаржы, мемлекеттен қолдау қажет. Қонақ үй салмас бұрын әжетхана мәселесін шешу керек. Біздің Бұқтырма жағалауында ешқандай жағдай жоқ, жұқпалы аурудың ошағына айналуға шақ қалды тіпті. Ал, ел іргесіндегі ғажайып Қанас көлінің аумағын қытайлықтар әп сәтте туризм табысына айналдырып жіберді.

Колледж директорының орынбасары Роза Бисикенованың айтуынша оқу орынын тәмамдаған металл пластикалық терезелер, есіктер жасайтын «Құрылыс бұйымдары мен құрастырмалар өндірісі» мамандығын, компьютер дизайны мен желілік оператор, компьютердің техник -бағдарламашысы мамандарын даярлайтын « Ақпараттық жүйелер» және «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыздандыру» мамандығын оқыған ауыл жастары қалалардағы, аудандардағы кәсіпорындарға, фирмаларға, мемлекеттік мекемелерге, құқық қорғау органдарына, мектептерге ешқандай кедергісіз қызметке алынып жатыр. Өз кәсібін жетік білетіндігін көрсете алған бұл мамандық иелерінің ешқайсы жұмыссыз қалып көрген жоқ.


Бір күніңнен бір күнің жүйрік болып зырлап бара жатқан заманда тиімді мамандықты таңдап, тезірек жұмысқа тұрып, табыс табу барлық жастың арманы. Қай кәсіптің иесінен де кәсібилікті, білімді талап етіп отырған қазіргі уақыт өз мамандығының білгірлерін бәрібір жұмыссыз қалдырмайды дейді әлеуметтік сарапшылар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив