KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, Ю
491.7 531.28 5.07

ШҚМУ-да маңызды семинар өтті

23.10.2017, 05:09 153

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Инклюзивті білім беру: оқыту технологиялары және қолдау» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті.


Баланы балабақшадан бастап болашақ өмірге бейімдеу, дені сау балалардың арасында өздерін жайлы сезінуі үшін қолайлы жағдай қалыптастыру – бүгінгі таңдағы білім беру ұйымдарының міндеті. Инклюзивті оқыту – мүгедек және дамуында ауытқулары бар балаларды әлеуметтендіру және интеграция үдерістерін жеңілдету үшін дені сау балалармен бірге оқытуды көздейді. Қазіргі күні инклюзивті білім беруді қолдау мақсатында жалпы білім беретін мектептерде ақыл-ой дамуында ауытқуы бар немесе психикалық дамуы тежелген оқушылар өзге балалармен қатар білім алып жүр.


- Елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда, - дейді университет проректоры Ирина Ровнякова. – Мүмкіндігі шектеулі балаларды біріктіріп оқытудың модульдік бағдарламалары мен жалпы білім беретін мектептерде біріктіріп оқыту ережесі әзірленген. Бүгінгі таңда университетте балалар денсаулығындағы кінәратпен күресуге мүмкіндік беретін арнайы құралдар сатып алынды. «Зияткер» ғылыми-білім орталығында психо-физиологиялық зертхана құрылды. Онда ерекше мұқтаждықтары бар балалардың тіл мүкістігін, ми қызметін түзетуге ықпал ететін «Томатис» компьютерлік құралы алынды.


С.Аманжолов университеті 25 жылдан бері дефектолог мамандарды әзірлеп келе жатқан бірден-бір жоғары оқу орны. Бұл – дефектолог мамандарды даярлайтын өңіріміздегі жалғыз білім ордасы. Еліміздің өзге өңірлерінен келіп оқып жатқан студенттер бар. Сонымен қатар екінші мамандық алуға және біліктілігін арттыруға барлық жағдай жасалған.


-«Ақ ниет» облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернаты мен біздің мектеп арасында меморандум жасалды. Келісімшартта кемтар балалардың жүріп-тұруы, қандай көмек көрсетілуі керек, барлығы көрсетілген. Осы келісімшарт негізінде біз балаларды қабылдап алдық. Былтырғы оқу жылы біздің мектепте үш бала оқыды. Төртінші сыныптағы екі қыз да бір отбасынан болды. «Ақ ниет» облыстық интернат болған соң онда қабылданатын балалар да Зайсан, Тарбағатай сияқты өңіріміздің аудандарынан келеді. Сондықтан кейбір балалар қалаға бірден үйренісіп кетпейді. Олармен, әрине, психологтар жұмыс істейді. Бірақ кейінірек білімге деген құштарлықтың арқасында қатарластарынан қалмай оқиды. Биылғы оқу жылы төрт бала қабылдадық. Өткен жылмен салыстырғанда бұл балалардың сабаққа деген құлшыныстары өте жақсы. Мектепке қуанып келіп, қуанып қайтады. Мектеп формасы өзге балалармен бірдей. Мектеп тарапынан көмек ретінде бұл балалар ешқандай анықтама құжатынсыз асханадан тегін тамақтанады. Мектепте болып жатқан мәдени-қоғамдық шараларға шамалары келгенше қатысады. Бұл балалардан бір байқағанымыз өнерге, әсіресе ән салуға бейім екен. Тәрбиешілері таңертең мектепке әкеліп табыстайды, сабақтары біткен соң алып кетеді. Жыл көлемінде интернатқа қабылданып жатқан басқа да балалар болса, біз әрқашан оқытуға дайынбыз,-деді Зәки Ахметов атындағы №16 мектептің ұстазы Альмира Қабидолдина.


Ал 2020 жылға қарай мектептерде кемтар балалар үшін көтергіш құралдар мен пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалары бар арнайы парталар, басқа да көмекші құралдармен жабдықтау арқылы «кедергісіз аймақтар» құру жоспарланып отыр.

Семинарды ұйымдастырған университеттің психология және коррекциялық педагогика кафедрасының мамандары мен аймақтағы инклюзивті білім беру мәселелеріне жауапты мемлекеттік құрылым өкілдері, облыстық білім басқармасы, өңірдегі инклюзивті білім беру мекемелерінің басшылары мен ұстаздары мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытудың тиімді жолдарына қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив