KZ
Өскемен
+25°
ясно жел 3 м/с, В
439.43 473.31 4.82

Жаңадан ет комбинаты салынбақшы

19.10.2017, 12:06 139

Семейде ет өнімдерін өңдейтін жаңа кәсіпорын ашылмақ. Осы мәселе жөнінде қала әкімі Ермак Сәлімов «Agro Portal» ЖШС бас директоры Әмір Щекарчиді, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ ШҚО бойынша өңірлік директоры Мадина Байсалбаеваны, «Ертіс ӘКК» ҰК» АҚ активтер бөлімінің жетекшісі Станислав Ясинскийлерді қабылдады. Жүздесу кезінде ирандық инвестордың біздің қаламызда жаңа кәсіпорын ашып, оны тез арада іске қосатындығы жөнінде айтылды.

Айта кету керек, сонау 2015 жылы аталмыш ирандық инвестор Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне ет өңдеумен айналысатын комбинат құрылысын салу үшін жаңашыл бастама жолдаған болатын. Бұл жоба іске асылуына бүгінде толық негіз бар. Себебі ауылшаруашылық өнімдері жыл сайын көбейіп келеді. Тіпті оның сұрыпталуы да, сапасы да жыл сайын Семей қаласында ұйымдастырылатын «AGROSEMEY-2017» атты ауыл шаруашылығын тауарын өндірушілердің халықаралық инновациялық көрмесінде анық көрініс беруде.


Ал ирандық инвесторлар ұсынып отырған жоба іске асса, өңірдегі ауыл шаруашылығы дами түсуі мүмкін. Бас кезінде бұл жоба нақты айтылғанмен түрлі себептерге байланысты аяғына дейін жетпей, тоқтап қалған еді. Тек соңғы кезде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов осы жобаға қолдау танытты. Айта кету керек, «Kazakh Invest» компаниясы өңірімізде биылғы наурызда жұмысын бастады. Аталмыш компания Қазақстанда жұмыс істегісі келетін шетелдік инвесторлардың бизнес- жоспарларын көмек беріп келеді екен. «Kazakh Invest» инвестициялық және кедендік артықшылықтарды алуда ирандық инвесторларға серіктес болып табылады. Осы мәселелер айтылған екі жақты кездесу барысында қала әкімі Ермак Сәлімов былай деді:


- Ауылшаруашылығын дамыту барысында оның өнімдерін өңдеу Семей халқы үшін аса маңызды. Комбинат жұмыс істеп жатса, елге қосымша жұмыс көзі болып табылады. Бұл ет комбинатының тәулігіне 2000 бас ұсақ мал мен 400 бас ірі қара малының етін өңдеуге мүмкіндігі бар екен. Қожалықтар мен жеке шаруашылықтардағы мал саны артып, бордақылау алаңдары көптеп салынатын болады. Осы уақытқа дейін облыс әкімі Даниал Ахметов осы ирандық жобаға қатысты екі рет жиын өткізгендігін білеміз. Сол жүздесуде жергілікті тиісті органдарға жобаның нәтижелі іске асуы үшін нақты тапсырмалар берілді. Біз блыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша жұмыстарды бастауға дайынбыз. Сондықтан да комбинаттың құрылыс жұмыстары үшін жасалатын жобалық–сметалық құжаттар, темір жол тұйығы құрылысын салу, жарық, су, жылу желілерін тарту жөніндегі жоба бөлімдерін дұрыстап талдау қажет.


Иә, шынында да, Семейде мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Осыған орай Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ұйымдастыруымен 13-14 қазан күндері «AGROSEMEY – 2017» атты ауыл шаруашылығын тауарын өндірушілердің екінші халықаралық инновациялық көрмесі өтеді деп күтілуде. Бұған келетін шетелдік ғалымдар, ет өнімдерін өңдеуші, өндірушілердің қарсы тіпті көп. Франция, Қытай, Болгария, Польша, Моңғолия, Ресей, Белоруссия және Украина елдерінің ғалымдары жиын барысында ветеринария, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдері мен тамақ өнімдерін өндіру технологиясы салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сыныптарын өткізеді деп жоспарланып отыр. Шәкәрім университетінен хабарлағандай, көрме мақсаты-мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және ветеринария мен зоотехника салаларындағы отандық технологияларды насихаттап, ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Көрмеге асыл тұқымды мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру технологиясы салаларындағы ғалымдардың жетістіктері қойылмақ. Мамандар көрме барысында ара шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларында кең таралған аурулардың мониторингін шығарып, қолдан ұрықтандыру мәселесіне және жұқпалы аурулардың таралу қартасын құруға қатысты ойларын ортаға салады деп күтілуде.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив