KZ
Өскемен
+20°
ясно жел 2 м/с, Ю
439.43 473.31 4.82

Қарауылда Құнанбай қажының ескерткіші ашылды

15.09.2017, 08:59 180

Бүгін ШҚО Абай ауданының Қарауыл ауылында дала данышпаны, ұлы Абайдың əкесі Құнанбай Өскенбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды.


Ескерткіш авторы - семейлік мүсінші Нұрбол Қалиев. Балқаштың мысынан құйылған туындының салмағы 12 тонна, биіктігі тұғырымен қоса алғанда 7 метр. Мүсінші ескерткішті жасауға 10 ай уақыт жұмсағанын айтты,-деп жазады "Егемен Қазақстан" газетінің ШҚО-дағы тілшісі Азамат Қасым


Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің айтуынша, өткен жылы Досхан Жолжақсыновтың Құнанбай қажы туралы фильмі жарық көрген кезде халық әкімдікке Ұлы ақынның әкесіне арналған ескерткішті орнату жөнінде ұсыныс білдіріпті.


Құнанбай қажыға арналған ескерткіш орнату үшін арнайы қор құрылған болатын.Аталмыш қорға абайлықтар шама-шарқы жеткенше қаржылай қолдау көрсетті.


Ескерткішін орнату туралы идеяны алғаш болып кәсіпкер, аудан мәслихатының депутаты Ардақ Сағадиұлы ұсынған.


- Мен ескерткіш орнату туралы идеяны көтергеніммен, шешімді халықтың өзі қабылдады. Бұл халықтың таңдауы мен қолдауы, көкейде жүрген ойы болатын. Ескерткішті орнатуға да ауданымыздың іскер азаматтары мен аудан халқы атсалысты,-дейді «Құнанбай қажы» қорының директоры Ардақ Сағадиұлы.


Ескерткішті орнатуға Павлодар қаласындағы Құнанбай қажының туыстары, танымал «Жеті ағайын» компаниясы 1 млн. теңге, Семей қаласының тұрғыны, Құнанбай қажының туысы Майбасар ұрпағы Бейсенғазы Мәлікұлы 2 млн. теңге, Абай ауданының Құрметті азаматы, Құнанбай қажының туысы Манатбек Толғанбаев 1 млн. теңге, Лондондағы Абай ауданының тумасы, меценат Медғат Құлжанов 2 млн. теңге, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы 500 мың теңге, жеке кәсіпкер Нысанбек Дінсләмұлы 1 млн. теңге құйған.


Сонымен қатар, Абай ауданының мемлекеттік қызметкерлері де бір күндік еңбек ақыларын – 1,5 млн теңгені қорға аударған.


Ескерткіштің үлгісін Абай ауданының екі сәулеткері жасап, өз жобаларын ұсынған. Оның бірі – Жарма ауданында Зере анамыздың ескерткішінің жобасын жасаған Ертіс Татиев болса, екіншісі – Алматы қаласында «Д.Қонаев» қола бюстін жасаған Нұрбол Қалиев болды. Еңселі ескерткішті тұрғызуға саржалдық сәулетші Нұрбол Қалиевтің мүсін жобасы ақсақалдар алқасы тарапынан қолдау тапқан. Нұрбол Қалиев 2014 жылы Қазығұрт ауданында «Бабаларға тағзым» қола ескерткішін, 2014 жылы Алматы қаласында «Ахмет Жұбанов» қола бюстін, 2016 жылы Алматы қаласында «Александр Селезнев» қола бюстін орнатқан.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив