KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 2 м/с, В
443.35 475.54 4.82

Әди Шәріповтің ауылына зиялы қауым өкілдері келді

12.07.2017, 04:32 234

Қазақ әдебиетінің нар тұлғалы партизан-жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Әди Шәріповтің 105 жылдығына орай жазушының кіндік қаны тамған туған жері Жарма өңіріне жары Клара Мыңжасарқызы бастаған зиялы қауым өкілдері арнайы сапармен келді.


Жаңғызтөбе кентінде салтанатты түрде қарсы алған қонақтарды өңірдің атқа мінер азаматтары алдымен жазушының туған өлкесі Жарма ауданының Әди ауылына қонақ етті. Бұл - жазушы Әди Шәріповтің балалығы өткен кезіндегі Мариновка, кейіннен Былқылдақ, қазір де «Әди ауылы» деп аталатын мекен екені жармалықтарға жақын таныс. Жазушының 105 жылдығына орай туған өңіріне атбасын бұрған ғалым-зерттеушілердің бірнеше күнге созылған сапары Қайранбай қажының зиратына барып тәу етуден бастау алды. Айта кету керек, Қайранбай қажы Тоқтыбайдың ең беделді әрі бай ұлдарының бірі, ауылына абыройы асқан, дәулеті шалқыған ауқатты адам болған, жазушының арғы атасы. Қайранбай қажы ауыл балаларын білімге шақырып, мектеп ашқан, игілікті ісімен елдің есінде қалған сыйлы адам болғаны туралы Әди Шәріповтің немере қарындасы Мақсат Дүсіпованың естелік әңгімесінде айтылады.


Текті әулеттің тумасы болған жазушының өрелі ісі мен өнегелі өсиеті туралы сапардың алғашқы күні Әди ауылы тұрғындарымен өткен кездесуде естеліктерін айтқан ғалым-зерттеушілер рухани құндылығы жоғары әңгімелерімен бөлісті.


Жазушының 105 жылдығына орай ұйымдастырылған шара аудандық Мәдениет үйінде «Қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері атты республикалық ғылыми-теориялық конференциямен жалғасын тапты. Жарма ауданы әкімдігінің бастамасымен өткен шараға Қазақстан Жазушылар Одағы мен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысты.


Конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұрлан Сыдықов өңірге келген қазақ ғалымдарын шараға жиналған аудан тұрғындарына таныстырып өтті. Олардың қатарында ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, филология ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясынан Бекболат Шекеров, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенова, профессор Гүлжаһан Орда, филолог-профессор Серікқазы Қорабаев сынды көптеген ғалым-зерттеушілер болды.


Жиын барысында аудан әкімі Жарма жеріне келген сыйлы қонақтардың иығына шапан жауып, көпшілік алдында құрмет көрсетті.


- Қасиетті өлке , қазыналы өңір –Жарма аймағында елінің, жерінің даңқын шығарған танымал тұлғалар аз емес. Солардың бірі де бірегейі –көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиетші ғалым, қаһарман партизан, белгілі жазушы Әди Шәріпов. Әдекеңнің есімі жерлестерінің, ұрпақтарының, халқының мәңгілік жадында сақталады. Туған ауылы Әди есімімен аталып, аудан орталығынан бір көшеге аты берілгені ардақты ұлына деген құрмет деп білеміз. Әйгілі жерлесіміздің 105 жылдығына орай, жазушының рухына тағзым ете келген қадірлі қонақтарымызға, зерттеуші –ғалымдарға ұрпақ үшін етіп жатқан игі істеріңізге сәттілік тілеймін, -деді аудан әкімі шараның алғы сөзінде.


Жазушының әдебиеттегі көркем шығармалары мен ғылыми еңбектері туралы ойларымен бөліскен зиялылардың алғашқысы болып ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Н.Оразалин конференцияға жиналған аудан тұрғындарына Әди Шәріпов туралы қызыққа толы естелік әңгімелерін айтып өтті. Кезінде арда ағаның ақылын тыңдап, көзін көрген ақынның айтары көп екенін, алда әлі талай том-том болып естеліктер жазыларын да тілге тиек етті:


-Жазушыға туған жерінің төрінде ерекше құрмет көрсетіліп, осынау шараның республикалық деңгейде өткізілуіне басшылық жасап жатқан жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, аудан әкіміне ризашылығымды білдіремін. Әди Шәріпов сынды дара тұлғалар өмірге келген Жарма жерінің топырағы да киелі деп білемін. Өз жанының жомарттығымен, парасат-пайымымен, қаламының құдіретімен, азаматтық болмысымен ерекше еңбек еткен жандардың бірі, Алаш арыстары Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов, Мұхтар Әуезовтен білім алуы, Ілияс Жансүгіровпен қатар еңбек етіп, солардың құнды мұраларын ұрпаққа жеткізе білген көреген жан. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы», М.Әуезовтің «Қилы заман» сынды еңбектерін көзінің қарашығындай сақтап, елу жыл өткен соң баспаға тапсыруы ерлікпен пара-пар іс. Ендеше, туған жерінде жазушының есімі жаңғырып, ұрпаққа үлгі болар ерен еңбегі дәріптеліп жатқаны нұр үстіне нұр болар іс деп білемін, -деді Нұрлан Мырқасымұлы.


Ал ұзақ жылдар бойы Әди Шәріповтің шығармашылығын кең көлемде зерттеп жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаһан Орда «Зерделі зерттеуші» тақырыбында баяндама жасап, қашан да алдыңғы шептен табыла білген күрескер, қайраткер болғанын алға тартты.


-Әди Шәріповтің оқу миинистрлігін басқарған жылдары қазақ тіліндегі мектептер саны күрт азайған болатын. Қазақ тілді білім ордаларын қайта ашуға ат салысып, қазақ тіліне қамқорлық таныту мақсатында мектеп мұғалімдерінің әдістемелік оқу құралы ретінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналын, «Қазақстан мұғалімі» газетін шығаруды қолға алған. Қазақ халқының рухани құндылықтары мен тіліне, еліне деген ұлтжандылығы ғалым - жазушының туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі деп білемін,- деді Гүлжаһан Жұмабердіқызы.


Конференция барысында Серікқазы Қорабаевтың «Халық перзенті», Руда Зайкенованың «Партизан жазушы», Мейрамгүл Джанбөбекованың «Әди Шәріповтың үрдісті педагогикалық қызметі», Светлана Ананьеваның «Две старны в его судьбе» сынды баяндамалары тыңдалды. Елім деп өткен жауынгер жазушының әр жылдары Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары, Қаз КСР Оқу министрі, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қаз КСР Сыртқы істер министрі, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының 1-хатшысы және КСРО Жазушылар одағының хатшысы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инстиутының директоры қызметтерін абыроймен атқарған қоғам қайраткерінің азаматтық, адамгершілік қасиеттері, парасаттылығы көпке ғибрат болғаны тілге тиек етілді. Басшы ретінде кезінде жас ғалымдардың әлеуметтік ахуалын арттыру мақсатында оларды тұрғын –үймен қамтамасыз еткені, әдебиетке бет бұра бастаған жас мамандарға жол көрсетіп, ғылымға баулудағы өлшеусіз еңбегі туралы да айтылды.


Шара соңында жазушының асыл жары, филология ғылымының кандитаты Клара Жағыпарқызы естелік әңгімесімен бөлісті:


-Әдекең туған ауылы туралы жиі айтатын еді. Өмірінің соңында қатты науқастанып жатып, туған жеріне алып баруымды өтінді. Өкінішке қарай науқасына байланысты әрі дәрігерінің кеңесіне сүйене отырып, мен бұл өтінішін орындай алмадым. Үш күннен соң Әдекең өмірден озды. Мен өзім де өтінішін орындай алмай қалғаныма өкініш білдіріп, кейін «Аяулы Әдекем» атты еңбегімді жаздым. Әди қазақ әдебиетіне келген жас ғалымдардың болашағына мол сенім білдіріп, оларға бағыт-бағдар берді. Бүгінде олардың қазақтың марғасқа ғалымдары екеніне мақтанышпен қараймын. Кеңестік заманда солақай саясаттың зардабын да аз көрмеген, бірақ қазақтың біртуар азаматтары Тайыр Жароков, Шаһмардан Есенов, Жұмабек Ташенов сынды ел ағалары рухани күш беріп, қасынан табылды. Әдеби көркем шығармаларымен қатар, ғылыми зерттеулер, Жұмағали Саин туралы монографиялық еңбек жазды.

Жазушының 105 жылдығына орай осынау игі шараның туған жері Жарма ауданында өткізілуіне қолдау көрсетіп, ұйымдастырып жатқан өңірдің басшысы Нұрлан Бәтташұлына ризашылығымды білдіремін. Қазақ деп соққан жүрегі кең, ардақты азаматының есімін ұлықтап жатқан осы ауданнның азаматтарына аналық алғысым шексіз, -деді.


Өңірге келген зиялы қауым өкілдері Әди Шәріпов туралы салмағы басым баяндамаларын жасай отырып, ауданның кітапханасына жазушы жайында жазылған кітаптарын тарту етті. Сонымен қатар, келешекте жазушының туған жері Жарма өңірінде республикалық деңгейде Әди оқулары өткізіліп отырса деген ұсыныстарын білдірді.


Ел мен елді байланыстырған елші қызметін, ұстаздық жолындағы ұлағатқа толы еңбек жолын, салмақты да салихалы ғылыми зерттеулерімен қатар, қазақ әдебиетінің асыл сөзді қоржынын «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Қапастағы жұлдыздар», «Сахара қызы», «Дос сыры» атты шығармаларымен толықтырып, келер ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге еңбек еткен алып тұлғаның асыл бейнесі жадымызда мәңгі жаңғыра берері сөзсіз.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив