KZ
Өскемен
-5°
ясно жел 1 м/с, З
481.84 531.33 5.07

Ресей тарапы экономикалық одақта бола тұра ШҚО кәсіпкерлеріне түрлі кедергілер келтіріп отыр

23.05.2017, 18:00 129



Еуразия экономикалық одағы аясында сыртқа өнімін саудалап жүрген кәсіпорындар Ресей аумағында өтетін тендерлерде теңсіздікке тап болып жүр. Бұл туралы бізге облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий айтты.

Жалпы еліміздегі экспорттаушылар тізбесіне біздің облыстан 110 бизнес нысаны еніпті. Олардың бәрі негізінен ауыл шаруашылығы тауарларын, алкоголь және автомобиль өнімдерін шығарады. Осы 110 кәсіпкерлік нысанға өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретін 1400 сертификат беріліпті.

Біздің өңір Қытай мен Ресей сынды екі үлкен нарықтың ортасында жатқанымен, оның игілігін барынша көре алмай келеді. Қытай тарапының карантиндік бақылауы мен ішкі нарықты қорғау шаралары әсіресе, ауылшаруашылық өнімдерді экспорттаушыларға қолбайлап болып тұр. Ал Ресей тарапы экономикалық одақ аясында өтетін ортақ тендерлерде барлық қатысушыларға бірыңғай шарт ұсынбай келеді.

- Ресей Федерациясы 2016 жылдың 16 қыркүйегінде отандық тауар және қызмет ұсынушылар мен шетелдік нысандардың арақатынасын реттейтін қаулы қабылдады. Осы қаулы экономикалық одақ аясында жарияланған тендерлер кезінде ресейлік компанияларға басымдық беріп тұр. Соның салдарынан біздің кәсіпкерлердің Ресейлік тендерден өтуі қиындап кетті. Ал біздің конкурстарда олардың құқығы қазақстандық нысандармен бірдей, - дейді А.Шацкий.

Ресей тарапының экономикалық одақта бола тұра, түрлі шарғыларды қолдануы біздің экспорттаушыларға кәдімгідей кедергі болып отыр. Дәл сондай кедергіні шағын және орта бизнес нысандарын қойып, ірі кәсіпорындар да сезінуде. Айталық, «Кэмонт» компаниясы өзінің қондырғыларын сынақтан өткізу барысында орасан шығын көруі себепті, кейбір қондырғыларын Ресей нарығына ұсына алмай отыр.

-«Кэмонт» ұсынатын қондырғылардың арасында бағасы ондаған мың долларға шығатын электр бұйымдары бар. Оларды сынақтан өткізген соң іске жарамай қалады. Әрібір қымбат қондырғыға Ресейден сертификат алу үшін мыңдаған доллар шығын шегу кімге болса да оңай емес. Міне, осының салдарынан «Кэмонттың» экспорттық әлеуеті құлдырап кетті, - дейді Игорь Шацкий.

Осы кедергіні жою үшін экономикалық одақ елдерінің барлығына бірдей жарамды сертификат беретін сынақ алаңдарын біздің облыс аумағында да ашу туралы ұсыныстар айтылуда.

Есімжан Нақтыбайұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив