KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВ Үлбі металлургия зауытында болып, кәсіпорын мұражайымен және де тантал өндірісі технологиясымен танысты

9.06.2016, 18:00 349




Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВ Үлбі металлургия зауытында болып, кәсіпорын мұражайымен және де тантал өндірісі технологиясымен танысты. «ҮМЗ» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Юрий Шахворостов теріскейден келген делегация мүшелеріне 70 жылға тақау тарихы бар зауыттың жетістіктері туралы айтып берді.

– Үлбі металлургия зауытының негізі 1949 жылы қаланған. Қазіргі кезде зауытымызда төрт жарым мыңнан астам адам жұмыс істейді. Біздің негізгі үш өндірісіміз бар. Олар: уран, бериллий, сондай-ақ, тантал мен ниобий өндірістері. Бүгін сіздерді тантал өндіру технологиясымен жақынырақ таныстырамыз, – деген Юрий Шахворостов қонақтарды зауыт цехтарына алып жүрді.
Айта кетер жайт, бүгінде «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ толық циклды тантал өндірісіне ие ТМД аумағындағы жалғыз кәсіпорын саналады. Тіптен, мұндай өндіріс орындары бүкіл әлемде саусақпен санарлықтай ғана деуге болады. Өндірісте қолданылатын бірегей технология тазалығы 99,97 пайыздық тантал өндіруге кепілдік береді.

– Біздің мамандар металл нарығының талаптарын ескере отырып, тантал өндірісінің инвестициялық даму бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама бойынша тантал өндірісінің өнімдері сыртқы және ішкі рыноктар қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға үлес қосатын болады. Бәсекеге қабілетті, сыйымдылығы жоғары конденсаторлық тантал ұнтақтарының және заманға сай конденсатор сымдарының, құйма, илек, сым, ұнтақ, лигатура түріндегі ниобий өнімдерінің үнемді өндірісін ұйымдастыру да көзделіп отыр, – деді өз сөзінде «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы.

Өз кезегінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВ кәсіпорын өнімдеріне қызығушылық танытып, «ҮМЗ» АҚ-мен әріптестік орнатуға мүдделі екенін білдірді.

Зауытқа сапары барысында екі аймақ басшысы арнайы ұйымдастырылған кәсіпорын өнімдерінің көрмесін де тамашалап қайтты.
Бұдан кейін аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Өскемендегі «Эмиль» ЖШС-на ат басын тіреді. Мұнда қонақтар кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, шығарылатын өнім түрлерімен танысты.
Серіктестік директоры Анна Никифорова-Аберленің айтуынша, 23 жылдық тарихы бар кәсіпорында бүгінде 500-ге таяу адам еңбек етуде.

– Кәсіпорынның аумағы сондай үлкен болмағанымен, бүгінгі таңда мұнда күніне 115 тонна сүт өңделеді. Фабрикамыз 70-тен астам өнім түрін шығарады. Десек те, біз мұнымен шектелмек емеспіз. Қазір өнімдеріміздің сапасын жақсарту мақсатында мамандарымызды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйретудеміз, – деген А.Никифорова-Аберле дайын тауарларын еліміздің өзге аймақтарына, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына да шығаруға әзір екендіктерін айтты.

Ал әзірге «Эмиль» өнімдерін Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы, Астана қалаларының ғана тұтынушылары біледі деуге болады. Мұны өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ те ерекше назарға алып, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВТАН өскемендік кәсіпорын өнімдерін теріскей жұртына да жеткізуге септесуін сұрады.

– Мен өзімнің немерелеріме қолдан балмұздақ жасаймын. Сондықтан бұл істің қыр-сырын білемін деуге болады. Дегенмен, «Эмильдің» балмұздағына жетпейтінін мойындауға тиіспін. Жалпы, мұндай балмұздақтар қазірде кемде-кем, дәмі тіл үйіреді. Сондықтан солтүстіктегі отандастарымыздың да «Эмильдің» өнімдерін тұтынғанын қалар едім, – деді облыс әкімі.

Айта кетер жайт, бүгінде «Эмиль» серіктестігі сүтті негізінен жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алуда. Дегенмен, Анна Никифорова-Аберленің айтуынша, шикізат көлемінің әлі де жетіспеушілігіне байланысты кәсіпорын облысымыздың өзге аудандарының сүт өндірушілерімен әріптестік байланыс орнатуға да мүдделі көрінеді.

Қазіргі кезде «Эмильдің» филиалдары Өскеменнен бөлек Семей мен Зырян қалаларында да бар екенін айтқан абзал.

Нұржан Кенжеұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив