KZ
Өскемен
+2°
туман жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

ШҚО тантал өндірісіне үміт артып отыр

16.11.2012, 18:00 162


Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Үлбі металлургиялық зауытында болып, жұмысшылармен, қызметкерлермен кездесті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі. Облыс Әкімімен кездесу үшін зауыттың конференция залына қарапайым жұмысшыдан бастап, әртүрлі дәрежедегі кәсіпорын басшыларына дейін жиналды.

- Батыс елдерінде не болып жатқанын біліп отырсыздар. Испания, Греция, Португалия сынды мемлекеттер дағдарыстың қиындығын сезініп жатыр. Елбасы барлық облыс әкімдері мен министрлік басшыларына дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Осындай бағдарлама біздің өңірде де дайындалды. Сол бағдарламаны іске асыру мақсатында өмірдің барлық салаларындағы қоғамдық, әлеуметтік жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Аймақ экономикасының негізгі қозғалтқышы өнеркәсіп саласы болғандықтан ірі кәсіпорындардың жағдайымен танысып, алда туындауы мүмкін мәселелердің алдын бірлесе алуға әрекет етудеміз. Бүгін ҮМЗ-ге келуіміздің мақсаты да сол, - деген облыс Әкімі кәсіпорынның ірі әлеуметтік жобаларға белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. Жабық жеңіл атлетика манежін салуға белсеніп отырған кәсіпорында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін, яғни, 25 мың адамның негізгі табыс көзі аталған зауыт болып отырғанын ескерткен аймақ басшысы зауыт үшін басты мәселе қазірде бар жұмыс орындарын сақтап қалу екендігін баса айтты.

Облыс Әкімі зауыт қызметкерлеріне өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны жайында да айтып берді. Үстіміздегі жылдың қорытындысы жөніндегі болжамдардың жағымды тұстары басым екенін айтқан ол экономика өсімінің қарқыны, өнеркәсіп өнімділігі, халықты жұмыспен қамту сынды басты көрсеткіштер бойынша республикалық ортақ көрсеткішті былай қойып, барлық өңірлер арасында алдыңғы орынға шығуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Басқа да көрсеткіштер бойынша 2012 жылды жақсы нәтижелермен аяқтауға жақын тұрғанымыз да айтылды. Жылыту маусымы алаңдайтындай келеңсіздіктерсіз басталғанына айрықша тоқталған аймақ басшысы аракідік орын алып жатқан әрбір апаттың себеп-салдары облыс әкімдігінің тікелей назарында екенін жеткізді.

- Біз транзиттік аймақта орналасқанбыз. Облыс орталығының маңында 14 түзету мекемесі орналасқан. Сол мекемелерден жылына екі мыңнан астам адам босап шығады. Олардың 70 пайыздайы облыс аумағында қалады. Сондықтан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шаралары бір сәт те босаңсымау қажет. Осы тұрғыда ерікті халық жасақтарына қолдау көрсетіп отырған ҮМЗ-нің қадамы құптарлық. Осы қолдауды жалғастыра беру керек, - деген облыс басшысы облыс орталығын көріктендіру жұмыстары да жалғаса беретінін айтты.

- Өскеменді абаттандыру жұмыстары халықаралық жиындар мен мәртебелі меймандардың сапарына байланысты жүргізіліп жатыр деп түсіну әбестік. Бұл бағыттағы шаралар ең әуелі осы қаланың тұрғындары үшін ұйымдастырылып отыр. Біздің мәртебеміз Астана және Алматы қалаларымен теңеспесе де әлеуетіміз өте жоғары, - деген облыс Әкімі тұңғыш Президент мерекесіне жеке кәсіпорындар да белсене атсалысуы керектігін еске салды.
Бұдан кейін «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы Юрий Шахворостов кәсіпорынның үш тоқсанда қол жеткізген жетістіктері жөнінде мәлімет берді.

- Өткен үш тоқсанның нәтижесі бойынша тауар өндірісінің көлемі бойынша белгіленген межеден асып түстік. Соған сәйкес таза табыс та жоғары. Мұндай жетістікке уран, бериллий, тантал өндірісіне басымдық берудің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Ал келер жылы негізгі өндіріс көзі тантал болмақ, - деді Ю.Шахворостов.

Зауыттың биылғы жалпы табысы 4,6 миллиардқа жеткен. Зауыт басшысы келер жылы бұл көрсеткіш төмен болатынын жасырмады. Мұның себептерін де егжей-тегжейлі түсіндірді. Ең басты себеп - уранға деген сұраныстың азайып, бағасының арзандауы. Инвестиция көлемі де қысқара түскен. Электр энергиясының қымбаттауы да табыстың төмендеуіне елеулі әсер еткен. Соған қарамастан келер жылы жұмысшылардың орташа еңбекақысын 138 мың теңгеден 144 мыңға өсіруді жоспарлап отырған көрінеді.

Зауыттың жұмыс орындарын сақтап қалу жөніндегі саясатын да ашық айтқан басқарма төрағасы өндіріс көлемі артса да, кемісе де жұмыс орындарының саны тұрақты түрде қалатынын жеткізді.

Қызметкерлерге медициналық сақтандыру қызметінің бірнеше түрін тегін ұсынып отырған жалғыз кәсіпорын да осы - ҮМЗ. Мұндағы қызметкерлерге тіс протездеу қызметі де тегін көрсетіледі. Медициналық сақтандыруға қатысты әлеуметтік пакет көлемі келер жылы да сақталатынына сендірді зауыт басшысы.

Жұмысшылар мен жұмыс беруші кәсіпорынның арасындағы ұжымдық келісімшарт облыс бойынша үздік деп танылып, мүлтіксіз орындалып отырғаны да сөз болды. Жас қызметкерлерге жәрдемақы төлеу, балабақшаны дотациялау, балалар сауықтыру лагерін субсидиялау жұмыстары жалғаспақ.

Зауыттың дамуына саналы ғұмырын арнаған ардагерлерге де жәрдем көрсетіле беретінін айтады Юрий Шахворостов. Тек осы мақсатқа ғана жылына 16 миллион теңге жұмсалатын көрінеді. Спортты серік еткен зауыт жұмысшыларының барлығына жарыстарға қатысуына жағдай жасалған. Жыл бойында өтетін «ҮМЗ» АҚ спартакиадасы салауатты өмір салтын ұстануға үлкен септігін тигізуде. Қайырымдылық қоры арқылы мүгедек балаларға да қолдау көрсетіп келе жатқан «ҮМЗ» акционерлік қоғамы жұмыс саны мен олардың еңбекақысына қатысты ұстанымдарын қандай ауыр жағдай болған күннің өзінде өзгертпеуге бекініп отыр. Ал іс насырға шабар болса, «Қазатомпром» көмекке келетінін айтады зауыттың басқарма төрағасы.

Зауыт басшысынан облыс Әкімі Курчатовтағы зауытқа тиесілі өндіріс орындары жөнінде сауал қойды. Ю.Шахворостов аталмыш қала әкімінің өтініші бойынша ол жерде «ҮМЗ» АҚ филиалын ашу жөнінде шешім қабылдағандарын айтты. Өз кезегінде зауыт қызметкерлері орайлы сәтті пайдаланып, аймақ басшысына маман даярлаудағы кәсіпорындардың рөлі, қаланың зауыт жұмысшылары қатынайтын көшелерін жарықтандыру уақытын реттеу, №6 маршруттық бағыттағы автобустың қатынау кестесін сақтау, тұрғын үйлердің маңына автотұрақтар салу сынды мәселелер бойынша сауалдар қойды.

Аймақ басшысы техникалық мамандарды даярлаудың норвегиялық, даниялық және германиялық дуалды жүйелерін облысқа енгізу қолға алынғанын, болашақ мамандарды оқыту, өндіріске қажетті мамандықтар тізімін құру ісіне кәсіпорындардың араласуы керектігін, алпауыт мекемелер болашақ мамандардың өз базаларында іс-тәжірибеден өтуіне жағдай жасау қажеттігін, болашақта қолға алынатын күн батареялары өндірісіне маман даярлауды да бүгіннен бастаудың тиімді болатынын айтты. Ал қаланың көшелері келер жылдың аяғына дейін толық жарықтандырылатынын, күннің қысқаруына байланысты жарықтандыру уақыты кешкі сағат 17.50-ден түнгі сағат 1.00-ге дейін ұзартылғанын жеткізді. Тұрғын үйлердің ауласында автотұрақтың болуы азаматтардың жеке басының мәселесі екенін айтқан облыс басшысы қаладағы 605 ауланың барлығы «Жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделіп, спорт алаңдарымен жабдықталғанын тілге тиек етті.

- Ал №6 және №6 «Б» автобустары мұндай үлкен ұжымға қызмет ететіндіктен оның кесте бойынша қатынауын қала әкімдігі үнемі қадағалап отыруы қажет. Өңір экономикасының тұрақты дамуы осындай кәсіпорындармен елдегі қоғамдық және әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығына байланысты. Кәсіпорын қолға алған барлық әлеуметтік жобалардың игілігін халық көруде. Алған бағытымыздан таймасақ, жұмыс орындары да болады, қаламыз да көріктене түседі, - деді облыс Әкімі кездесу соңында.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив