Семей қаласындағы №4 және №20 жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған модульді алаңдар ашылды. Аталған жобаларды БҰҰ-ның қаржылай қолдауымен «Құқықтық сана академиясы» және «Ерекше әлем» қоғамдық қорлары жүзеге асырып отыр.
Ондағы мақсат - оқыту мен тәрбиелеуде қиындық тудыратын балаларды тиімді емдеу-сауықтыру және оларға психологиялықпедагогикалық көмек көрсету. Семейдегі №20 жалпы білім беретін мектебінде ерекше балаларға арналған коррекциялық сынып бар болатын. «құқықтық сана академиясы» қоғамдық қоры жүзеге асырған жоба аясында сөйлеу қабілеті мен психикалық дамуы төмен балаларға арналған екі сынып пайдалануға берілді. ал №4 жалпы білім беретін орта мектепте 12 балаға арналған коррекциялық сынып ашылды.
Сыныпта сөйлеу қабілеті төмен, аутизм дертіне шалдыққан балалар оқиды. Заман талабына орай жабдықталған бөлмелерде осындай балалар әлеуметтік ортаға бейімделеді, олардың оқуына жағдай жасалады. БҰҰ жобасының менеджері Рауан Қалиевтың айтуынша, игі іске Семей қалалық әкімдігі мен қалалық білім бөлімі бастамашы болыпты.
- Аутизм сырқатына ұшыраған балаларды өнерге баулып, түрлі техникаға үйретсе, алдағы уақытта олардан сол саланың жақсы маманы шығуы мүмкін. Баланы ерте жастан емдеп, тәрбиелеген жағдайда, жеті жасында дені сау құрбыларымен сабаққа да бара алады. Өкінішке орай, қаламызда ондай орталықтар жоқ. Біздің қор қазір мектеп жасына дейінгі балалармен айналысатын орталық ашуды жоспарлап отыр. Осы бағытта жұмыстар атқарылуда, - дейді «Ерекше әлем» қоғамдық қорының директоры Арайлым Әлімжанова, - бұл жобалардың мақсаты - мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу және алғашқы білім алуларына толықтай мүмкіндік жасау. Бүгінгі таңда жеткен жетістіктеріміз көп. Мысалы, осындай коррекциялық сыныптан жалпы сыныпқа ауысып жатқан балалар бар. Бұл біз айтып отырған әлеуметтендіру мәселесінің оң шешіліп жатқанының дәлелі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Коррекциялық түзету сыныптарында арнайы мұғалімдермен қатар психологтар мен логопедтер де жұмыс жүргізеді. Олар қажет болған жағдайда аутизмге шалдыққан балаларды төрт жылға дейін тәрбиелемек. Бала ашылып, жақсы көрсеткіш көрсетсе, балдырғандардың бірден жалпы сыныптарға ауысуға мүмкіндіктері бар.
Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz