KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
485.04 525.98 5.04

Кәсіпорындар жұмыс орнын сақтап қалуға тырысады

4.02.2016, 18:00 150



Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және Өскемендегі ірі кәсіпорындардың жетекшілері жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету және өндіріс үдерістерін тұрақтандыру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Аltaynews.kz Шығыс Қазақстан Ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мүшелері ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына орай өңірдің жұмыс берушілерін өндіріс көлемін төмендетуге жол бермеуге, қол жеткізілген жұмыс орындары мен орташа айлық жалақыны сақтауға, қажетті әлеуметтік пакетті қамтамасыз ету бойынша барлық мүмкін және қолжетімді шараларды қабылдауға шақырып, бұл жөнінде арнайы үндеу қабылданды.

Бұл үндеуді қабылдау мен меморандумға қол қою рәсімі әлеуметтік және еңбектік қарымқатынастарды реттеу мен әлеуметтік серіктестік бойынша облыстық үшжақты комиссияның және дағдарысқа қарсы облыстық штабтың бірлескен мәжілісінде өтті. Оған «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Шығыстүстімет» ЖШС, «Шығыс Сүт» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Қазцинк» ЖШС, «Азия Авто» АҚ, «Қазақцемент» ЖШС, «Өскемен арматура зауыты» АҚ секілді облыстағы жұмысшыларының саны көп ірі кәсіпорындар басшылары қатысты.

Бірлескен мәжілістің барысында сондай-ақ, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы және осы комиссияны үйлестіруші Самал Мырзабаева 2015-2016 жылдарда босатылған жұмысшылар және 2016 жылда күтілетін босатылулар мәселесіне қатысты баяндама жасады.

- Былтыр облыс көлемінде 4655 адам жұмыстарынан босатылса, 2016 жылдың басында бұл жағдай 3480 адамға қатысты болып отыр. Жұмысшыларды босату мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет. Аталған жұмысшылардың бәріне де бұл жөнінде хабарланды. Алайда, олардың бәрінің қайта оқытуға және басқа жұмысқа ауысуға келісімін алу мүмкін емес. Сондықтан оларға мемлекет ұсынатын басқа да қолдау шаралары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жазбаша ескерту беру керек, - деген Нұрымбет Сақтағанов басқарма басшысына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ, мәжіліске селекторлық режимде қатысқан қалалар мен аудандар әкімдеріне де дәл осындай іс-шараларды өткізуге тапсырма берілді.

Ал 2015 жылы Шығыс Қазақстанда 7,8 мың меморандумға қол қойылып, нәтижесінде 684,7 мың адамның еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдемесі қамтамасыз етілген болатын.

Дәурен Аллабергенұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив