KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Жеке кәсіпкерлерге жеңілдік ұсынылды

23.12.2015, 18:00 113


Әлемдік деңгейде өріс алған экономикалық дағдарыстың салқыны біздің елімізді де айналып өтпейтіні белгілі. Дегенмен, баға саясатының тұрақтылығын сақтау мақсатында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар үшін жалға алған нысандарының төлемі де қолжетімді болғаны абзал.

Семейдегі ірі сауда орталығы болып табылатын «АҚШЫҢ» корпорациясы сол тұрғыда саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлерге барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр.

- Бізбен бірге көптеген жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіперлерімізді осындай дағдарыс кезінде қолдап, көмек көрсетуіміз дұрыс деп білемін, - дейді «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында. - 2011 жылы экономикалық дағдарыс сезілген уақытта да біздің сауда орталығы жалға алушыларға 10 пайыздық жеңілдік жасаған болатын. Міне, енді сол тұрғыда орталықтың ішкі және сыртқы сауда нүктелерін жалға алған кәсіпкерлерге алдағы жылдан бастап жалға алу ақысын 5-тен 15 пайызға дейін төмендетіп ұсынғанды жөн көріп отырмын. Және бұл жеңілдік жыл соңына дейін сақталатын болады.

Қазіргі уақытта «АҚШЫҢ» сауда орталығында 2 мыңнан астам кәсіпкер өз ісін жүргізуде. Яғни, Марат Серікжанұлы атап өткендей, алған орны арқылы саудасын жүргізіп, уақтылы салығын төлеп отырған кәсіпкердің алға өрлеуіне тиімді мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Сондай-ақ мұнда жылдағы дәстүр бойынша тұрақтандыру қорының азық-түлігіне тиесілі сауда орны тегін беріліп отыр. Есесіне, қажетті азық-түлік халыққа қолжетімді бағада ұсынылады. Егер жергілікті бюджеттің кіріс көзінің 70 пайызы осы шағын және орта бизнестен түсетінін ескерсек, кәсіпкерлік саласының дамуы ел экономикасында маңызды рөл атқаратынын аңғару қиын емес.
Баспасөз мәслихатында Семей қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімі сауда кәсібін дамыту секторының меңгерушісі Айжан Хасенова да «АҚШЫҢ» корпорациясының кәсіпкерлерге жасап отырған осынау жеңілдігі үлкен көмек екендігін атап көрсетті.

- Сонымен қатар, бұл сауда орталығы әкімдікпен жасалған меморандум талаптарын барынша сақтап отыр, - дейді А.Хасенова. -Бағаны тұрақтандыру саясатын да бірінші болып қолдап, өзгелерге үлгі бола білуде. Бізді қуантатыны, сауда сөрелеріндегі күнделікті азық-түліктің таза әрі сапалы болуын үнемі тексеруден өткізіп, қадағалап отырады. Көтерме сауда бағасын 10 пайыздан артық көтермеуге де үнемі көңіл бөліп келеді. Сол себептен де корпорация президенті Марат Құрманбайдың азаматтық қырын көрсететін бизнес жолындағы бастамалары әрдайым халықтың да, биліктің де көңілінен шығып жүр.

Расында да, «Ас – адамның арқауы» дегендей, қала тұрғындарының ет, сүт, көкөніс түрлерін сатып алуында, бірінші кезекте адам денсаулығының ескерілетінін атап өткен жөн. Сондықтан да жабық базардың сауда сөрелеріндегі азық-түліктің санитарлық тазалығы мемлекеттік стратегиялық талап тұрғысынан да маңызды. Одан өзге «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында отандық өнім шығарушылардың халықпен біте қайнасып, тығыз байланыста болуына да жағдай жасалған.

БАҚ өкілдерімен жүздесу барысында «Атамекен» кәсіпкерлер одағының Семей филиалының жетекшісі Ардақ Әділжанов та бизнестің әлеуметттік жауапкершілігіне тоқтала келіп, «АҚШЫҢ» корпорациясының кәсіпкерлерін қолдаудағы бастамасына ризашылығын білдірді. А.Әділжановтың айтуынша, бүгінгі күнде дамыған елдердің халқы негізінен нәпақасын осы кәсіпкерлік саладан табатын көрінеді. Мәселен, Германия халқының 70 пайызы осы саладан табыс тауып отыр. Демек, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, оны дамыту үшін аянбай еңбек еткеннің ертеңгі күнге сенімі мол.

Жиын соңында «АҚШЫҢ» сауда орталығында саудасын жүргізіп отырған кәсіпкерлер де жеңілдікті қуана қабылдағанын айтып, ісін жүргізуіне әрдайым қолдау көрсетіп отырғаны үшін корпорация президенті М.Құрманбайға алғыстарын білдірді. Олардың арасында 20 жылға жуық уақыт бойы да осы сауда орталығында тұрақты сауда жасап келе жатқандары да бар.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив