KZ
Өскемен
+25°
ясно жел 3 м/с, В
439.43 473.31 4.82

Президент жүлдесіне арналған халықтық спорт ойындары Өскеменде аяқталды

15.09.2014, 18:00 153



«Ердің кезегі үшке дейін» дейді қазақ. Шығыс Қазақстан спортшыларының бесінші мүмкіндігінде бағы жанып, Президент жүлдесіне арналған V халықтық спорт ойындарының бас бәйгесін жеңіп алды. Сөйтіп, аталған ойындардың тарихындағы жеңімпаздар тізіміне өзгерту енгізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Өткен жексенбі күні Өскемендегі Жекпе-жек сарайында төрт күнге созылған халықтық ойындардың салтанатты жабылу рәсімі өткізілді. Еліміздің 14 облысынан, Астана мен Алматы қалаларынан жиыны 1600-ден астам үміткер қатысқан аталмыш бәсекеде шығысқазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Күміс жүлде Павлодар облысының өкілдеріне бұйырды. Үздік үштікті Ақтөбе облысы түйіндеді.

Біздің спортшылар бағдарламаға енгізілген сайыстардың барлық түрінен сынға түсті. Мәселен, шағын футбол, ерлер мен әйелдер арасындағы волейбол, қазақша күрес сияқты спорт түрлерінен жерлестерімізге шақ келер қарсылас болмады. Ал гір тасын көтеруден жерлестеріміз екінші орынға шықса, жазғы Президенттік көпсайыста үздік бестікке енді.

- Шығыс Қазақстанда спорт қарқынды дамып келеді. Облыс басшылығы аталған салаға жете көңіл бөліп отыр. Соның арқасында сіздердің облыстың спорттағы жетістіктері жылдан-жылға жақсара түсуде. Ең бірінші кезекте осындай шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізген облыс әкімдігіне, жауапты басқармаларға алғысымды айтамын, - деп ағынан жарылған Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі, халықтық ойындардың бас төрешісі Бекболат Байжанов барлық қатысушыларды қол жеткізген жүлделерімен құттықтады.

Естеріңізге салсақ, төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын Президент жүлдесіне арналған V халықтық ойындар Өскемен қаласында қыркүйектің 10-ы мен 14-і аралығында болды. Республиканың әр түкпірінен жиналған қатысушылар волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, үстел теннисі, гір көтеру сияқты спорттың тоғыз түрінен сынға түсті.

- Осыдан төрт жыл бұрын Орал қаласында өткен Президент жүлдесіне арналған IV халықтық ойындарда біздің облыстың командасы жалпыкомандалық есепте екінші орынды қанағат тұтқан болатын. Енді биыл, міне, сол жетістікті еселеп, бас жүлдеге қол жеткіздік. Бұл ретте төрешілердің әділ қызмет көрсеткенін атап айтқан абзал. Біз жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып қана қоймай, жақсы нәтиже көрсете алдық. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі спорттық шараларды өткізуге мүмкіндік береді, - дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев.

Мамандардың пікірінше, кейінгі үш-төрт жылдың көлемінде аймақтың елді мекендерінде спорттық нысандардың көптеп салынуы және олардың материалдық-техникалық базаларының нығайтылуы, жалпы, аталған салаға жергілікті билік тарапынан баса көңіл бөлініп, қолдау білдірілуі өңір спортшыларының республикалық қана емес, сонымен қоса халықаралық аренада да жоғары нәтижелерге жетуіне мүмкіндік беруде.

Серік Әбілхан
Суретті түсірген Ғылымбек Сабитов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив