Бородулиха ауданының басым көпшілігі жинақталған ірі өндіріс ошағы Жезкент жерінде өткен биылғы Наурызда ұлттың рухын көтеретін «Әкешім асқар тауым» атты ҰОС ардагері Әкімғазы Қалиұлының жүлдесіне арналған жас ақындардың аймақтық мүшәйрасы оның көркін аша түсті. Жарысқа Семей қаласының ақындар орталығының екі бірдей жас дүлдүлі, Зубаир, Бородулиха, Переменовка, М.Әуезов және Жезкент мектеп-лицейінің өлеңге талабы бар 14 жас ақын, оқушы мен ұстаздар қатысты.
«Әкешім асқар тауым» атты ҰОС ардагеріне және Әкімғазы Ғалиевтың жүлдесіне арналған жас ақындардың аймақтық мүшәйрасының өтуіне артында қалған ұл-қыздары мұрындық болып, "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі" және "Туған жерге тағзым" акциясы аясында демеушілік жасауларымен жүзеге асты.
Жезкент "Металлург" Мәдениет Сарайында өткен Жыр мүшайрасына халық көп жиналды. Бір көңілді жадыратқаны өзге ұлт өкілдерінің де Жеңімпаз аталарды ұлықтаған осы доданы бастан аяқ тамашалауға қатысқандары болды.
Жыр сайысына Республикалық "Абай" қорының президенті Балташ Ерсіләмұлы, Қазақстан Республикасына танымал журналист ағамыз Сайлау Төлеуов, ШҚО облысына танымал шежіреші-этнограф ақсақал Амангелді Жұмантегі, білім саласы қызметкерінің кәсіподағының төрағасы Нұрсұлу Ғалиева, Бородулиха аудандық балалардың шығармашылық үйінің директоры Лаура Оразғалиева, ҚР білім беру ісінің үздігі ардагер ұстаз-ақын Сайлауғайша Оралбайқыздары әділқазылық етті.
Осы Ғалиевтар әулеті мұрындық болып ұйымдастырып отырған «Әкешім асқар тауым» жыр мүшайрасында әділ қазылардың қара қылды қақ жарған шешімімен бірінші орынды Новопокровканың М.Әуезов мектебінің оқушысы Жәнібек Мұхтархан иеленіп, 71 диагоналды түрлі-түсті теледидарды қанжығасына байласа, екінші оырнға тігілген планшетті Бородулиха қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Аяужан Маратова, үшінші орынды Переменовка орта мектебінің оқушысы Айнұр Слямғазиева мен М.Әуезов мектебінің оқушысы Шырын Әбілсеріктер өзара бөліссе, Жезкент мектеп-лицейінің оқушысы Әлихан Тұрлыбеков арнайы жүлдеге тігілген планшетті еншіледі. Қалған барша қатысушыларға ынталандыру сыйлығы ретінде демеушілік етіп отырған Ғалиевтар әулеті тарапынан оргтехникалар табысталды.
Шымылдық жабыларда Республикалық "Абай" қорының президенті Балташ Ерсіләмұлы, елімізге танымал журналист Сайлау Төлеуовтер бұл Әз Наурыздағы қазақтың қазақтығын танытатын зор рухани мәдени шара екендіктерін баса айтты.
Одан соң, Әкімғазы атамыздың Айсұлу, Құмархан, Айтқазы, Нұрсұлу, Шыңғысхан сынды ұл-қыздары халыққа және сахна көркі болған ақындарға рахметін айтып, барша жиналған қауымды Әкімғазы Қалиұлының рухына арнап түсірілген қатымға шақырды.