KZ
Өскемен
+22°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

ЮНИСЕФ пен Шығыс Қазақстан арасында әріптестік байланыс нығаюда

4.03.2014, 18:00 171



ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Біріккен Ұлттар Ұйымы балалар қорының Қазақстандағы өкілі Джун Кукитамен кездесіп, тараптар өзара ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады, сондай-ақ, ЮНИСЕФ пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі арасындағы 2014 жылға арналған жұмыс жоспарына қол қойды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Еліміздің ЮНИСЕФ халықаралық балалар қорымен байланыс орнатқанына жиырма жылдың жүзі болыпты. Ал осы ұйымның Шығыс Қазақстан облысымен бірлескен әріптестігі 2005 жылдан бастау алады. Әріптестік аясында Өскемен мен Семей қалалары ЮНИСЕФ-тің ұйтқы болуымен қолға алынған «Балаға мейірімді қала» атты халықаралық жобаға енгізіліп, осы уақыт ішінде қос шаһарда да балаларға қамқорлық көрсету бағытында біршама шаруаның басы қайырылды. Кездесу барысында ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев осы жұмыстар туралы қысқаша мәлімет бере келе, алдағы жоспарлар туралы сөз қозғады.

– Әрине, ЮНИСЕФ сияқты ірі халықаралық ұйымның облысымызбен іскерлік байланысты нығайтуға мүдделілік танытуы қуантады. Бүгінгі басқосуымыз сол жұмыс жоспарын пысықтап, нақтылауға арналып отыр. Жалпы, ел көлемінде алатын болсақ, Шығыс Қазақстан халықаралық балалар қорымен жұмыс істеу жағынан өзге облыстардан көш ілгері тұр. Аймақ басшылығы БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдармен жұмыс істеу мәселелеріне қашанда жоғары мән беруде, – деді облыс Әкімінің бірінші орынбасары.

ЮНИСЕФ пен Шығыс Қазақстан арасында әріптестік байланыс нығаюда

Өз кезегінде Джун Кукита мырза облысымызға ат басын тіреуінің мақсаты 2011-2015 жылдарға арналған ЮНИСЕФ бағдарламаларының аймағымызда жүзеге асырылу барысымен танысу екенін айтты. Осы орайда, халықаралық балалар қорының өкілі сапарын облыс орталығымен шектемей, Жарма ауданына да барып қайтпақ екен.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Балалар құқығы туралы Конвенцияға» қол қойғанына жиырма жылға жуық уақыт болып қалды. Осы мерзім ішінде сіздердің елдеріңізде, Шығыс Қазақстанда көп шаруа тындырылғаны, сөйтіп, айтарлықтай ілгерілеушілік барлығы байқалды. Атап айтқанда, ана мен бала өлімін азайту, мектеп жасындағы балаларды жалпы орта біліммен қамту сияқты бағыттарда нәтиже бар. Былтыр ЮНИСЕФ пен «Спешиал Олимпикс» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен Қазақстанның бірқатар өңірінде мүмкіндігі шектеулі балалар арасында түрлі спорттық жарыстар өткізілді. Ондай іс-шаралар биыл да жалғасын табатын болады, – деді Джун Кукита мырза.

Кездесуде «Балалар құқығы туралы Конвенцияның» жиырма жылдығына орай облысымызда қараша айында үлкен жиын өткізу мәселесі қарастырылып жатқандығы туралы да айтылды.

Нұржан Кенжеұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив