KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 5 м/с, СБ
479.05 534.57 5.17

БҰҰ-ның Балалар қорының өкілі Джун Кукита мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайымен танысты

15.05.2012, 18:00 201


Кеше БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Джун Кукита облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевпен кездесіп, тараптар үстіміздегі жылы «Өңірлік жоспарлауға инновациялық көзқарас және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету арқылы аймақтың бәсекелестігін арттыру» бағдарламасын іске асыру аясында ынтымақтастық туралы жоспарға қол қойды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Қазақстанның БҰҰ-ның Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) ынтымақтастық орнатқанына жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Ал аталған беделді ұйымның облыспен арадағы бір-лескен әріптестігі 2005 жылдан басталған екен. Шығыстың қос қаласы Өскемен мен Семей ЮНИСЕФ-тің ұйтқы болуымен қолға алынған «Балаға мейірімді қалалар» атты халықаралық жобаны қызу қолдағандардың қатарында. Балаларға берері көп бұл жоба шеңберінде биыл да қыруар жұмыстар атқарылмақ.

Сонымен облыс әкімдігінің БҰҰ-ның Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) ынтымақтастық жоспарының негізгі мақсаттары қандай? Ең алдымен, бірлескен жоспар халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары мен мүдделерін барынша тиімді қорғау үшін жетілдірілген әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жоспарлау, іске асыру, мониторинг жүргізу және бағалау мақсатында жергілікті атқарушы билік өкілдерінің әлеуетін арттыруды көздейтін көрінеді. Тұрғындардың өздерінің тұрмысын жақсартуға бағытталған жергілікті бастамаларды жоспарлауға қатысуын қамтамасыз ету үшін олардың белсенділігін ояту да маңызды.

Сонымен қатар, Семей, Курчатов, Өскемен қалалары мен басқа да өңіріміздің шалғай аудандарындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтардың әлеуметтік-экономикалық қызмет түрлеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бірлескен шаралар атқару, тұрғындарға жоба, оның мақсаттары мен міндеттері туралы кеңінен ақпарат беру де назардан тыс қалмаған.

Облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, жоспар екі жақ-тың білікті мамандарының қатысуымен жасалған. Жоспарға енгізілген іс-шаралар жан-жақты талқыланып, әбден сүзгіден өтіпті. Десек те аймақ басшысының орынбасары жоспар дегеніңіздің қатып қалған зат емес екенін, оған әлі де тың өзгерістер енгізуге әбден болатынын қадап айтты. «Өйткені, біз әр тынысы өзгеріске толы заманда өмір сүріп отырмыз» деген облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев аталған жоспардағы шараларды жүзеге асыру барысында үкіметтік емес ұйым-дардың да өз үлесін қосуы қажеттігін ескертті. Өңіріміздегі ҮЕҰ мүшелері соңғы кездері өздерінің ерекше белсенділігімен де көзге түсіп жүр. Сонымен бірге бөлінетін қаржы да мақсатты жұмсалуы тиіс.

Өз кезегінде БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Джун Кукито мырза жергілікті билікпен алдағы уақытта бірлесе атқаратын шаруалардың кейбірі жайында жиналғандарға егжей-тегжейлі баяндап берді. Солардың бірі – жасөспірімдер арасында белең алған суицидтің алдын алу. Джун Кукито қазір Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша әлем елдерінің арасында алдыңғы орында тұрғанын да жайып салды.

Мұның негізгі себебін Кукито ел экономикасының қарқынды өсуімен, ал осы жағдайға әлеуметтік жүйенің жылдам ілесіп кете алмай отыруымен тығыз байланыстырады. Өйткені бұл әлемдік тәжірибе нәтижесі. Сондықтан да кеселдің алдын алу үшін мектеп психологтарымен жұмысты күшейту қажет. Сонымен қатар биыл Абай, Аягөз, Зырян, Катонқарағай аудандарында және Риддер қаласында жастарға арналған ресурс орталықтарының жұмысы жоспарланып отырған көрінеді.

«Өңірлік жоспарлауға инновациялық көзқарас және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету арқылы аймақтың бәсекелестігін арттыру» бағдарламасын іске асыру аясында жүзеге асатын ынтымақтастық туралы жоспардың бір бабы жергілікті баспасөз өкілдеріне де арналыпты. Журналистер қауымы осынау игілікті жоспардың арқасында әлеуметтік мәселелерді қалай жазуы керек екенін үйренетін болады.

БҰҰ-ның Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Джун Кукито облысқа жұмыс сапары барысында Жарма ауданының Шалабай, Әуезов ауылдарында болып, ондағы мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайымен танысқандығын да жеткізді.

– Ең бастысы, жергілікті билікпен жеті жылғы бірлескен жұмыстың нәтижесі бар, – деді ол.

Кездесуде облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры А.Исаев ЮНИСЕФ-пен бірлескен жұмыстардың жемісті жүзеге асып жатқандығын атап көрсетті.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив