KZ
Өскемен
+21°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

ЮНИСЕФ-тің мүшелерін бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы қызықтырды

14.04.2013, 18:00 108


Шығыс Қазақстан облысына ЮНИСЕФ-тің Шығыс Еуропа және ТМД елдері бойынша кеңсесінің өңірлік директоры Мари Пьер-Пуарьенің жетекшілігімен арнайы делегация келді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Делегацияның өңірімізге келудегі басты мақсаты – 2011-2013 жылдарға арналған ЮНИСЕФ бағдарламаларының облыста жүзеге асырылу барысымен танысу. Қонақтарды ана мен бала, жастар саясаты, балаларды кешенді қорғау, жасөспірімдермен жұмыс және олардың арасындағы суицидтің алдын алуға қатысты сауалдар ерекше қызықтырды. Облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов қонақтарды Шығыс өңірінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды
– Егер әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің әлеуметтік жағдайға әсері болмаса, оның ЮНИСЕФ үшін ешқандай да маңызы жоқ, – деді Мари Пьер-Пуарье. – Десек те Қазақстанда жағдай басқаша. Астанада біз ЮНИСЕФ жобаларын жүзеге асыруға қатысы бар министрлік өкілдерімен кездестік. Олар бізге бала тағдырына бейжай қарамайтындықтарын жеткізді. Парламент депутаттары балалардың мүддесін қорғайтын қандай заң жобаларының әзірленіп жатқаны туралы әңгімелеп берсе, Денсаулық сақтау министрі республиканың барлық өңіріндегі балалардың сапалы медициналық қызметпен тең дәрежеде қамтылуы жайын айтты. ЮНИСЕФ-тің Шығыс Қазақстан облысындағы өкілі де жобалардың іске асып жатқанын айтып отыр. Біз осыған көз жеткізу үшін Астанадан бірден осында келдік.

Біздің өңір үшін ЮНИСЕФ-тің қолдауымен мониторинг жүйесінде бала денсаулығын сақтау өте маңызды. Еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда Шығыста кәмелеттік жасқа жетпегендердің саны едәуір көп. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Джун Кукито өңірдегі жетістіктерді өз көзімен көріп, куә болғанына ризашылығын жеткізді.
– Женевадағы кеңседе отырып, аймақтарда не істеліп жатқанын біле алмайсың. Бізге жобалардың қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын өз көзімізбен көру өте маңызды. Сіздерге жемісті, ынтымақты жұмыстарыңыз үшін рақмет, – деді Кукито мырза.
Кеңесте ҮЕҰ мен басқа да азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтаса жұмыс істеудің мүмкіндіктері де талқыланды. Белгілі болғанындай, мұндай тәжірибе біздің аймақ үшін жаңалық емес көрінеді. Облыс басшылығы үкіметтік емес ұйымдармен белсенді түрде жұмыс жүргізіп келеді. Тіпті, бірнеше бағыттар бойынша әлеуметтік тапсырыс та береді. Әлеуметтік жетімдер санын қысқарту, ана мен баланы қолдау, оларға медициналық қызмет көрсету сынды нақты сауалдарға тиісті басқармалардың мамандары жауап берді.

ЮНИСЕФ-тің өңірлік директоры Мари Пьер-Пуарьені жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің жағдайы да қатты толғандыратын көрінеді. Халықаралық балалар ұйымының жетекшісі облыстық «Ана мен бала орталығына» да ат басын тіреді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының ана мен баланы қорғау бойынша орынбасары Сәуле Мұқышева бірлескен жобалардың қалай іске асып жатқаны туралы баяндап берді.

Пуарье ханым оған әйелдердің жүктілігін жасанды жолмен үзу, түсік жасау мәселесі жайында сауал қойды. Сәуле Мұқышеваның айтуынша, сегіз мың жүкті әйелдің 0,2 пайызы ғана түсік жасатады екен.

Мари Пьер-Пуарье облыстың медицинадағы жетістіктерін жоғары бағалап, осынау ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға деген ниетін білдірді.

Мейрамтай Иманғали

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив