KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 2 м/с, З
478.16 534.92 5.18

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі қаралуда

4.03.2014, 18:00 143



Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекпен қамту және олар үшін арнайы жұмыс орындарын құру бойынша «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Өскемен қаласындағы ғимаратында дөңгелек үстел болып өтті. Басқосуға өңіріміздегі мүгедектер ұйымдарының және оларға әлеуметтік қолдау көрсетуші бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Елбасымыздың биылғы Жолдауында көрсетілген міндеттерге сәйкес партия «Кедергісіз келешек» жобасын іске қосып отыр. Аталмыш жоба төрт бағытта, атап айтар болсақ, мүгедектерді тұрақты жұмыспен қамту, тұрғындардың ақпараттану деңгейін арттыру, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз жағдайлар жасау және олардың құқықтарын қорғау бағыттарында жұмыс жүргізбек. Осы мақсатқа орай «Нұр Отан» партиясы аталған санатқа жататын азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі мәселелерге жіті көңіл бөлуде.

Жиын барысында мүгедектер ұйымдарының өкілдері өздерін алаңдатып отырған мәселелерді ортаға салды. Айталық, «Алтынай» мүгедек әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мағиза Мирвазетдинова мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек ететін кәсіпорындарға тапсырыстардың тым аз түсетінін алға тартты. Ал оларға аса үлкен жұмыс көлемінің қажеті де шамалы, егер мемлекеттік мекемелер өз тапсырыстарының белгілі бір мөлшерін осындай кәсіпорындарға берсе болғаны. Мысалы, балабақшалар мен мектеп-интернаттар төсек-орын жабдықтарын нақ осы мүгедектер еңбек ететін кәсіпорындардан алып отырса, тапсырыс мәселесі туындамас еді.

Ал мүгедектер өндірген өнімдердің сапасы басқалардан артық болмаса кем емес, оған түрлі дәрежедегі сапа сертификаттары мен конкурстарда алынған жүлделі орындар дәлел бола алады.

Қазақ саңыраулар қоғамы оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры Ерлан Мейірбаев та жұмыс көлемінің аздығына қынжылыс білдірді. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңға өзгерістер енгізу қажет деп санайды ол. Қазір аталмыш кәсіпорында 60 адам еңбек етеді. Өнімдерінің сапасы барлық талаптарға сай. Егер мемлекеттік мекеме-ұйымдар тарапынан тұрақты түрде тапсырыстар түсіп тұрса, жұмысшылар санын әлі де көбейтуге болады. Қазір мұнда негізінен зейнет жасына тақап қалған азаматтар еңбек ететін көрінеді, ал жастардың жалақысы мардымсыз әрі тұрақсыз мұндай жұмыстарға барғысы жоқ. Ал қазақ соқырлар қоғамы облыстық филиалының төрайымы Гүлбану Күзекбаева жұмыс берушілер зағип жандарды алуға жүрексінетінін, олардың біліктілігі мен қабілеттеріне сенімсіздік білдіретінін айтады.

Аталмыш санаттағы азаматтарды алаңдатарлық тағы бір мәселе – қоғамдық көліктерде қатынау. Өскемендегі әлеуметтік таксидің жүктемесі шамадан тыс көп, сол себепті мүгедектер үшін қалаішілік көліктерде жеңілдіктер қарастырылса жөн болар еді. Осы және өзге де өзекті мәселелері дөңгелек үстел барысында жан-жақты талқыға салынып, тиісті шешімдер шығарылды.

Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы-ның басшысы Ольга Кузовлева мүгедектер үшін кедергісіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды өздерінен, нақтырақ айтсақ, өз ғимараттарынан бастағандарын алға тартты. Олар баспалдақтар қырларын зағип адамдар анық көруі үшін ашық сары баяумен бояп шығыпты. Бұл үшін қыруар қаржы қажет емес. Ал бұл – өз кезегінде халықаралық стандарттың бір талабы. Ол сондай-ақ, кәсіпорындармен қол қойылып жатқан меморандум шарттарына мүгедек жандарға арналған кәсіпорындарға тапсырыс беру талабын енгізу қажет деген ойын білдірді.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Жарқын Мұсағалиев кембағал жандар «Даму» қорының ресми сайтынан өздеріне қажет көп пайдалы мәлімет ала алатынын айтты. Тіпті, аталмыш қордың мамандары өз ісін ашам деушілердің үйлеріне барып кеңес беретін көрінеді.

– Партияның облыстық филиалында аптаның әр сәрсенбісі сайын мүгедек азаматтар үшін бірыңғай қабылдау күні өткізіледі. Осыған дейін бізге 200-ден астам азамат өз мәселелерімен келген. Бүгінгі таңда облыста 58 мыңнан астам кембағал жан бар, олардың біраз бөлігі еңбек етуге қауқарлы. Мүгедек жандар қоғам өмірінен тыс қалмай, жұмыспен қамтылуы тиіс, – деп түйіндеді жиынды партияның ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков.

Ержан Әбіш
сурет Есімхан Орынбаевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив