KZ
Өскемен
+20°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, СБ
443.44 480.51 4.88

Азық-түлік пен жұртқа қажетті тауарлар бағасының қымбаттауына жол берілмейді

17.02.2014, 18:00 73



ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру, өңірдегі азық-түлік пен жұртқа ең қажетті тауарлар бағасының қымбаттауына жол бермеу мәселелерін талқылаған селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Теңгенің құнсыздануын желеу етіп аспандатылған азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қандай жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс екені осы жиында тағы да айтылды. Әуелі өңір басшысы аудандар мен қалалардың әкімдері арнайы құрылған жұмыс топтарымен бағаны бақылауда ұстап, сауда орындарын, дүкендерді, дәріханаларды, жанар-жағармай станцияларын күнделікті тексеріп тұруы қажеттігін ескертті.

Шығыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев ұсынған жедел мониторинг деректеріне жүгінсек, кейінгі бірер күннің ішінде аймағымызда халыққа қажетті тауарлардың 25 түрі қымбаттаған. Әсіресе, Өскемен, Семей қалаларында, Ұлан, Глубокое, Шемонайха аудандарында байқалады бағаның өсуі. Бір түсініксіз тұсы, әлгі қымбаттаған өнімдердің дені өзімізде өндіріледі екен. Айталық, картоп, сәбіз, орамжапырақ, қызылша, пияз, ұн, күріш, макарон өнімдері, қант бағасы 20-30%-ға жоғарылаған. Керек десеңіз, бұрын 45 теңге тұрған нанның бір бөлкесі қазір 50-60 теңгеден, Глубокое ауданының Белоусовка кентінде 75 теңгеден сатылып жатқан көрінеді. Өскемендегі «Весна» дүкенінде бір бөлке нан 60-65 теңгеден саудалануда.

Дегенмен, жергілікті атқарушы билік те қарап отырған жоқ, мүмкіндігінше жағдайды бақылауға алуға тырысуда. Ақпанның 15-інен бастап Өскемендегі «Дина», «Дос-Нар», «Заречный», «Орталық» базарларында және сауда нүктелерінде меморандум аясында облыстық тұрақтандыру қорының өнімдерін сатылымға шығарған. Арнайы құрылған жұмыс топтары сауда орындарын тексеруде.

– Бағаны негізсіз көтеру жағдайын анықтауға барлық қадағалаушы органдар жұмылдырылды. Қазір ұн өндіруші кәсіпорындармен 1 сұрыпты ұнның бағасын тұрақты ұстап тұру жөнінде келісімдер жасалды. Наубайханашыларға тұрақтандыру қорының есебінен ұн бөлініп берілуде. Мәселен, 1 сұрыпты ұнның 150 тоннасы Өскеменге бөлінсе, Абай мен Тарбағатай аудандарына 20 тоннадан, Аягөз ауданына 40 тонна, Зайсан ауданына 50 тонна бөлінді, – деп баяндаған Нұрлыбек Шерубаев бағаны ұстап тұруға бағытталған тиісті іс-шаралардың қолға алынғанына қарамастан, кейбір кәсіпкерлер өз өнімдерін қымбатқа сатып жатқанын тілге тиек етті.

Оның айтуынша, облыс орталығындағы «Дина», «Тала» толайым сауда базарларының басшылары бағаны ұстап тұру мақсатында келісілген міндеттерін орындамай отыр. Сол сияқты сауда нүктелерін ұдайы бақылап тұруға қоғамдық ұйымдарды, еріктілерді жұмылдыру жағы кемшін түсуде.

– Құрылған жұмыс топтары немқұрайлы жұмыс істеуде. Шынын айтсақ, олардың тарапынан ешқандай жұмыс істелмеген. Осыған дейін мен тапсырма бердім, жұмыс топтары күніне екі мәрте қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, депутаттармен, еріктілермен бірлесіп дүкендерді, дәріханаларды және басқа орындарды аралап, бақылап тұруы керек еді. Өкінішке қарай, ондай әрекетті көрмедік, – деп қынжылыс білдірген ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев депутаттарды тауар бағасының негізсіз көтерілуімен күресуге, ал жергілікті шаруа қожалықтарын өз өнімдерін кейін қымбатқа саудалау мақсатында қоймада сақтап қоймауға шақырды.

Өйткені, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдау-көмектер, жасалған жеңілдіктер аз емес, ендеше олардан да қайтарым болуы керек, осындай қиын-қыстау кезде кәсіпкерлер де өздерінің елдің, мемлекеттің алдындағы борышын қаперден тыс қалдырмауы тиіс.

Сондай-ақ, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыс тобының құрамын кеңейтіп, оған қаржы полициясының, облыстық прокуратураның өкілдерін қосуды ұсынған облыс Әкімі қандай да бір ауданның немесе қаланың басшысы азық-түлік бағасының жосықсыз жоғарылауына жол беретін болса, қызметінен босатылатынын қатаң ескертті. Кедендік бақылау департаментінің басшылығына тез бұзылатын импорттық тауарлардың шекарадан кедергісіз, жылдам өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қандай да бір елді мекендегі сауда нүктесінде тауар бағасының негізсіз қымбаттауын байқаған қарапайым тұрғындар сенім телефондарына қоңырау шалып немесе мемлекеттік сайттарға жазу арқылы жағдайды реттеуге атсалысу керектігі айтылды.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив